• eng
  • қаз
  • рус

Ақшалай үлес құқығы

Қазақстанда әскери қызметші мәртебесіне ҚР Қарулы күштерінде шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген тұлғалар, сонымен қатар әскери жиынға шақыру кезеңіндегі әскери міндеттілер ие. Әскери қызметші мәртебесі шақыру күнінен немесе әскери қызметке түскен күннен бастап беріледі және қызметтен шығарылуына байланысты әскери бөлімнің тізімінен алынғаннан кейін күшін жояды. Әскери қызметші мәртебесімен бірге мемлекеттік әлеуметтік жеңілдіктер беріледі.

1

Айырықша құқықтар

  1. Сіз әскери қызметші ретінде сыныпты біліктілік және қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін ақшалай қаражат, үстемеақы алуға құқылысыз. Әскери қызметшілердің ақшалай қаражаты лауазымдық еңбекақыдан және әскери атақ бойынша еңбекақыдан тұрады. Ақшалай қаражат жыл сайын инфляцияның белгіленген деңгейінен жоғары индекстеледі.
  2. Басқа аймаққа көшкен жағдайда қызметтік қажеттілікке байланысты (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге қатысты емес) сізге екі айлық ақшалай қаражат және отбасы мүшесінің әрқайсысына жарты айлық ақшалай үлес көтерме жәрдемақы төленеді.
  3. Егер сіз әскери қызметке сарбаз (кемеші), сержант (старшина) лауазымына келісімшарт бойынша алғаш рет түскен болсаңыз, жасалған келісімшартқа байланысты сізге келесі көлемде біржолғы ақшалай сыйақы тиісілі:
  • 3 жылға – 1 лауазымдық еңбекақы көлемінде;
  • 5 жылға - 10 лауазымдық еңбекақы көлемінде;
  • 10 жылға - 20 лауазымдық еңбекақы көлемінде.

Ескертпе: көрсетілген ақшалай сыйақылар келісімшарт жасалған күннен бастап 3 айдан кешіктірілмей беріледі.

Келесі жағдайларда сіз қызмет өткеру орны бойынша алынған біржолғы ақшалай сыйақыны бір айдың ішінде қайтарып беруге міндеттісіз: келісімшарттың мерзімі өткенге дейін әскери қызметтен кеткен жағдайда; егер әскери қызметті одан әрі жалғастыруға жатпайтын жаралану, зақымдану, жарақат, зиян немесе ауру Сіздің құқыққа қарсы әрекетіңіз немесе алкогольдік, есірткілік, уытқұмарлық масаю немесе дене мүшесінің зақымдалуы салдарынан пайда болған жағдайда.

4. Сіз әскери қызметші ретінде жауынгерлік даярлық, қызмет және жұмыс нәтижелері бойынша әскери бөлім командирінің немесе мекеме бастығының шешімімен бірден үш еңбекақыға дейін ақшалай қаражат көлемінде жыл сайынғы біржолғы ақшалай сыйақы алуға құқылысыз. Аталған норма мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге және әскери оқу орындарының курсанттарына қатысты емес. Төлеу тәртібін Сіз әскери қызмет өткеріп жатқан мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейді.

5. Сізге әскери қызметші ретінде екі лауазымдық еңбекақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленетін жыл сайынғы негізгі демалысқа шыға аласыз. Демалыстың ұзақтығы күнтізбелік есептеудегі қызмет өткерген жылдарға байланысты:

  • он жылдан кем – 30 тәулік;
  • он жылдан жиырма жылға дейін – 35 тәулік;
  • жиырма және жиырмадан астам жыл – 40 тәулік.

Ескертпе: жауынгерлік кезекшілікке түсетін, жауынгерлік қызметте жүрген, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі анықтайтын тізбедегі аймақтарда қызмет өткеретін ұшу жұмысындағы, кемелік қызметтегі әскери қызметшілердің демалыс мерзімі қызмет өткерген жылдарға байланысты емес және 40 тәулікті құрайды.

2

Қосымша демалыс алу құқығы

Әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі демалыстан басқа қосымша демалыстар беріледі:

  1. отбасы жағдайы бойынша 10 тәулік мерзімге дейін -ауыр сырқатты денсаулық жағдайында немесе отбасы мүшесінің қайтыс болуына (қаза болу) немесе отбасы мүшелері ұшыраған табиғи немесе техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты;
  2. жүктілік және туу бойынша, сонымен қатар ұл (қыз) бала асырап алған әскери қызметшілер үшін демалыс;
  3. қызметтік жұмысты ғылыми жұмыспен табысты үйлестіру жағдайында ғылыми дәреже кандидаты және ғылым докторы ізденушілеріне ғылыми кеңестің ұсынымы бойынша екі айға дейін шығармашылық демалыс;
  4. қабылдау емтихандарына даярлық және тапсыру, дипломдық жұмысты қорғау (жоба) үшін, сонымен қатар тілдік даярлықтан өту немесе оқыту курстары кезеңіне арналған оқу демалыстары;
  5. күндізгі оқу нысаны бойынша әскери (арнайы) оқу мекемелерінде оқитын курсанттар мен тыңдаушыларға оқу сабақтары үзілісінде каникулдық демалыстар. Қысқы демалыс - 14 тәулікке, жазғы демалыс - 30 тәулікке беріледі. Каникулдық демалысты өткізу орнына бару және қайту үшін уақыт берілмейді;
  6. көтермелеу түріндегі қысқа мерзімді демалыстар (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін ғана);
  7. әскери қызмет өткерудің ерекше жағдайларындағы орындарда әскери қызмет өткеретін немесе қызмет өткерген әскери қызметшілерге қосымша демалыстар. Осы ретте қосымша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы демалыс есебіне кірмейді;
  8. әскери қызметшіге сырқат болуына байланысты әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде демалыс.

Ескертпе: жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы жылына алпыс тәуліктен аспауы тиіс, осы ретте демалысқа бару және кері қайту үшін қажетті уақыт беріледі. Қызмет мүдделерін есепке ала отырып, келісімшарт бойынша қызмет өткеретін әскери қызметшінің демалысын екіге бөлуге болады.

3

Көлікте жүру жеңілдіктері

  1. Әскери қызметші ретінде сіз, сонымен қатар сіздің отбасыңыздың мүшелері стационарлық емделуге, қызмет бойынша және әскери қызметтен шығу кезінде жол жүрсе, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темір жол, әуе, су және автомобиль көліктерінде тегін жол жүруге құқылы. Он тоннаға дейін жеке заттарды тегін тасымалдауға рұқсат етілген. Аталған жағдайда шығыстар сіз қызмет ететін мекеменің есебінен жүзеге асырылады.
  2. Егер сіз әскери оқу мекемесінің курсанты болсаңыз, тегін жол жүруге құқығыңыз бар.
0
Голосов пока нет
Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.