• eng
  • қаз
  • рус

Абаттандыру мен қала құрылысы мәселелері туралы

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қала көшелері мен аулаларын жарықтандыру, модернизациялау және реконструкциялау, аула аймақтарын күрделі жөндеу, арық жүйелерінің жағдайы, проблемалық учаскелер мен оларды ретке келтіру туралы брифинг өтті.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов қаланы дамыту жөніндегі перспективалы жоспарлар тек қаланың орталық көшелерін ғана емес, сонымен қатар шет аймақты да қамтитынын атап өтті. Болашақ даму барысында бірқатар себеппен кенжелеп қалған қаланың барлық учаскелерінде тиісті инфрақұрылымдар пайда болады.

Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев Алматы облысының жерлері қосылып, қаланың ұлғаюы барысында бірқатар ауданда көше жарықтарының болмауы мәселе туғызғанын атап өтті. Бұл аудандарда жарықтандырудан өзге су және газ құбырларын тарту қажет.

«Бүгінгі күні қаладағы көшелердің жалпы саны 2 746, соның ішінде 1 500 көше толық жарықтандырылған, қалғаны жартылай, ал 873 аулада көше жарығы мүлдем жоқ. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу аясында осы мәселелерді шешу үшін келісімшарттарға қол қою шаралары жүруде. Келер жылдың аяғына дейін қалаға қосылған аудандардың көшелері толық жарықтандырылады. Сонымен қатар қаланың бірқатар көшесіндегі ескі шамдар қуат үнемдейтін жаңаларымен ауыстырылуда», - деп хабарлады Әсет Масабаев.

Қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы Ержан Сейтенов Алматыда 1200 км-ден астам арық барын, соның ішінде 1102,3 км арық жүйесіне аудан әкімдіктері қарайтынын айтты. Қалғандары аула ішінде немесе иесіз.

Қалада соңғы 3 жыл ішінде 302,5 км арық салынды және жөнделді, осының арқасында кейбір аумақтарды су басып қалу үш есе азайды.

2019 жылы аудан әкімдіктері 28,5 км арық жүйесін ағымдағы жөндеуден (аудандық бөліністе: Алатау – 4,4 км, Алмалы – 1 км, Әуезов – 4 км, Бостандық – 3,5 км, Жетісу – 3,8 км, Медеу – 3,3 км, Наурызбай – 3,2 км және Түрксіб – 5,3 км) өткізді.

Сонымен қатар басқарма басшысы құны 554 млн теңге болатын 376,26 км арық жүйесін салу мен реконструкциялаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және бұрыннан бар арық жүйелерін инвентаризациялауға, оның ішінде қалаға қосылған елдімекендердегі арық жүйелеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жаңа арық жүйелері мен жауын кәріздерін салуға конкурс жарияланғанын хабарлады.

«Инвентаризациялаудан соң бірыңғай арық жүйесі мен жауын кәрізін салу бойынша кешенді шаралар қабылдау жоспарланған, ал бұл жауын суларының қала аумағын, әсресе қалаға қосылған елдімекендерді айналып өтуіне мүмкіндік береді», - деп атап өтті Ержан Сейтенов.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.