• eng
  • қаз
  • рус

Алматы қаласында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үйлер туралы

Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмасы бойынша жұмыс істейтін жастарға тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жалға беру туралы брифинг өтті.

Жалға берілетін тұрғын үй алу үшін жұмыс істейтін жастарға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы №372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы 5.1 тармағының 3 тармақшасында көрсетілген.

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Айбек Сайделдаевтың айтуынша, 30 қазан мен 12 қараша аралығында Алатау ауданы Көкқайнар ықшамауданында орналасқан 249 пәтер бойынша бірінші пулға өтінімдер қабылданды.

Жұмыс жасайтын жастардан өтініш пен құжаттарды қабылдау үшін арнайы www.almaty-jastary.kz сайты ашылды. Бүгінгі күнге дейін аталған сайтқа 1244 өтініш түскен.

Айбек Сайделдаев қазіргі кезде жалға үй берудің бекітілген ережесі бойынша құжаттардың толықтығы мен сәйкестігіне, баллдарды есептеуге және жалға пәтер алатын үміткерлердің тізімін жасауға қатысты жұмыстар жүріп жатқанын айтты.

Балл есептеу баллдық жүйе бойынша жүргізіледі:

1) Өтініш беруші Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашада №746 қаулысымен бекітілген «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес нарықта сұранысқа ие 100 (жүз) мамандықтың бірін игерсе - 10 балл;

2) Отбасылы болса – 5 балл, некеде тұрған әр жылы үшін – 2 балл;

3) 1 (бір) баласы болса – 1 балл, одан кейінгі әр бала үшін – 2 балл;

4) кем дегенде 1 жыл ішінде кәсіпкерлікпен айналысса – 5 балл, әр жыл үшін – 1 балл;

5) өтініш берушінің әр саладағы жеке жетістігі үшін – 2 балл;

6) бюджеттік ұйымдарда атқарған қызметі (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындар) үшін – 5 балл, өтілінің әр жылы үшін – 1 балл;

7) екінші деңгейлі банктердегі жинақ шоттарында (депозиттер) жинақтаған әр жылы үшін – 2 балл.

Баллдар тең болған жағдайда көрсетілген мерзім бойынша өтінішті ерте берген үміткерге басымдық беріледі.

Жинақталған баллдар есептелген соң сайтта бағдарламаға қатысушылардың жалпы тізімі жарияланады, одан кейін жалға пәтер алуға өтініш берген әрі жоғары балл жинаған үміткерлермен тұрғын үйді жалға беру туралы келісімшарт жасалады.

Брифинг барысында Айбек Сайделдаев осы жылдың соңына дейін тағы 1000 пәтер бөлінетінін, аталған бағдарлама бойынша өтініш қабылдау одан әрі жалғасатынын атап өтті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.