• eng
  • қаз
  • рус

Алматы әкімдігі көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша жүйелі шаралар ұсынды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясы барысында мемлекеттік жәрдемақы, атаулы көмек, әлеуметтік төлемдер, демеушілік қолдау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу сияқты шаралар жүйесін қамтитын аз қамтылған көп балалы отбасыларды кешенді қолдау бойынша бірқатар қалалық шараларды атап өтті.

Қала басшысының айтуынша, халықтың мұқтаж топтарын атаулы тікелей және жанама әлеуметтік қолдау партияның басты басымдықтарының бірі болып табылады.

«Қысқа мерзім ішінде көмекті қажет ететін жандардың барлығын толық анықтап, әр отбасын аралап, оларға бірінші кезекте не қажет екенін білген жөн, сонымен қатар тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің жеке жол картасын жасауға тиіспіз. Бұл бір реттік акция емес, бұл іспен біз жүйелі түрде айналысамыз», - деді Бауыржан Байбек.

Көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестердің, реабилитациялық көмектің, қарапайым адами жүздесудің қажет екенін ескере отырып, мегаполис әкімі қалалық «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруды және көпбалалы аналардың осы аттас орталығын құруды ұсынды. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналар жұмыспен қамтылады.

Баспана көпбалалы аналар үшін ең өзекті мәселе. Жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысып, алғашқы жарналық қаржыны төлеуге олардың мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан 4 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар үшін алғашқы жарна төлемін субсидиялау қарастырылады.

«Көпбалалы отбасылардың өткір проблемаларының бірі - коммуналдық қызметтер ақысын төлеу. Қалада қолдау көрсету бойынша түрлі төлемдердің кең спектрі қалыптасқан. Дегенмен, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін түрлі өтемақылар көлемін тағы бір қарап шығып, олардың үйлеріне ыстық және суық су есептегіш құралдарын орнатуға кететін шығындарды да назарға алған жөн», - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы мүгедек балаларды үйде оқыту және өмірлік қиын жағдай туған кезде бір реттік көмек ретінде берілетін адрестік әлеуметтік төлемдердің көлемін ұлғайту мәселесін қарастыруды тапсырды. Бауыржан Байбек тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақшаға жұмсалатын шығынға төлемақы беру мәселесін зерттеуді де ұсынды.

«Адрестік көмекке, белгілі болғандай, жұмыспен қамту және оқыту формасы енеді. Сондықтан тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайтып, стипендия төлейтін қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырған жөн», - деп атап өтті ол.

Әлеуметтік әл-ауқат, Стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша жұмыс жасау және нақтылы ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Айта кетерлігі, Алматы бюджеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қамтуға бөлінетін қаржы жыл санап арта түсуде. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан астамы немесе 200 млрд. теңгеден астам қаржы денсаулық сақтауға, білімге, тұрмысы төмен жандарға көмек көрсетуге, коммуналдық шығындарды субсидиялауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

«Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Олардың ұсыныстарының барлығы жергілікті атқару органдарында оң шешімін тауып, қалада іске асуда.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша бала бақшалар төлемдері 27 ден 15 мыңға азайды. Бұл мақсат үшін бюджеттен жыл сайын 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен бала бақшадағы орындар саны 3 есе артты немесе 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, бала бақша орындарын субсидиялау үшін жыл сайын 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр үш жыл ішінде 2 есе өсті.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың 11 сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Мұндай қажеттіліктерге қала жыл сайын 800 млн. теңгеден астам қаржы бөлуде. Тұрмысы төмен отбасылардың 4 мыңнан астам балаларының тегін демалысын ұйымдастыруға жыл сайын 230 млн. теңге қарастырылған.

Бұлардан өзге, соңғы 4 жыл ішінде партия ұсынысы бойынша көпбалалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, бұған жыл сайын 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Партия ұсынысы бойынша түрлі өтемақылар төленуде. Мысалы, 2,3 мың отбасыға, оның ішінде көпбалалы жанұялар да бар, коммуналдық қызмет шығындары өндіріліп берілді. Осы категориядағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінгі күні 1000-нан астам отбасыға 50 млн. теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.

Бұлардан өзге, өткен жылы партияның қалалық Бюросында қала монополистерін тексерген прокуратураның құжаттары көпшіліктің қатысуымен қаралған болатын. Нәтижесінде заңсыз есептелген 4,5 млрд. теңге тұтынушыларға қайтарылды.

Жалпы, үш жыл ішінде тарифтерді көтермей, ұстап тұру үшін 6 млрд. теңге бөлінді, 800 км. желі жөнделді. Қазіргі кезде 1,5 млн. адам немесе қала тұрғындарының 80%-ы коммуналдық қызметті төменгі тариф бойынша төлеуде. Егер әкімдік субсидия бөлмегенде тұрғындар үш жыл бойына тек жылудың өзіне ғана 35%-ға көп төлейтін еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада ПИК-тер қызметінің, лифттің тарифтері азайды. Коммуналдық төлемнің басым бөлігін жылуға ақы төлеу құрайтындықтан партияның ұсынысы бойынша жылумен қамтасыз ететіндер шығынын компенсациялау үшін әкімдік резервтен 1,5 млрд. теңге бөлуді жоспарлаған болатын. Нәтижесінде жылумен қамтамасыз ету тарифі 18%-ға азайды. Алматылықтар төмен тарифтер бойынша келген жаңа төлемдерді көрді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.