• eng
  • қаз
  • рус

Алматы әкімдігінде қалалық қоғамдық көліктің жағдайы мен дамуы туралы айтылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық қоғамдық көліктің жағдайы, дамуы және оның қызмет көрсету сапасын арттыру туралы брифинг өтті.

Брифинг барысында Қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әділов қалада жолаушыларды тұрақты тасымалдаумен 14 автопарк айналысатынын, олардың 13-і жекеменшік, ал біреуі коммуналдық меншікте екенін айтты.

226 бағыт ұйымдастырылған, оның 120-ы қалалық (112 автобус, 8 троллейбус бағыттары); қалааралық (облысаралық) – 45; қала маңы – 61. Айта кетерлігі, қала бағыттары бойынша күн сайын 1 млн 250 мыңға жуық тасымал болады. Бағыт жүйесін одан әрі кеңейту мақсатында жаңа №33,113, 204, 206, 208 бағыттарын ашу жоспарланған, олар қала ішінде және қала маңындағы түрлі елдімекендерге жолаушыларды тасымалдайды.

Соңғы бес жыл ішінде газбен және дизельмен жүретін 1331 жаңа автобус сатып алынды. Биыл тағы 450 автобус сатып алу жоспарланған (АЭТ – 260, жеке тасымалдаушылар 190), соның ішінде 222 автобус жеткізілді.

Қала маңына жүретін қоғамдық көлікті дамыту мақсатында бес тұрақты бағыт ұйымдастырылған, олар: «Сайран» автовокзалы – Қаскелең қаласы (№202 бағыт, ұзындығы 29 км, жылжымалы бірлік саны – 20, тариф – 80 теңге); «Райымбек» метро бекеті - Талғар қаласы (№203 бағыт, ұзындығы 40 км, жылжымалы бірлік саны - 15, тариф – 80 теңге); Спорт сарайы - «Пионер» шипажайы (№209 бағыт, ұзындығы 33 км, жылжымалы бірлік саны – 2, тариф – 300 теңге); Спорт сарайы - «Ой-Карағай» шипажайы (№210 бағыт, ұзындығы 31 км, жылжымалы бірлік саны – 2, тариф– 300 теңге); Спорт сарайы – Алма-Арасан (№211 бағыт, ұзындығы 44 км, жылжымалы бірлік саны– 2, тариф – 300 теңге).

Қалада автобус және троллейбус бағыттарынан өзге метро қызмет көрсетеді. Алматы метрополитені жыл сайын 14 млн-нан астам адам тасымалдайды. Бес жыл ішінде (2014-2018 жылдар) метродағы жолаушылар ағыны 216 процентке артты, егер 2014 жылы 6,8 млн болса, 2018 жылы 14,7 млн адамға дейін өсті. Жыл басынан бері метрополитен 12,9 млн жолаушыны тасымалдады. «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері пайдалануға берілсе, метроауқымы кеңейеді, яғни Абай даңғылының бойымен Алтынсарин даңғылынан Момышұлы көшесіне дейін 3,1 километрге ұзарады. Мұнда жолаушылар ағыны тәулігіне 86 мың адам болады деп күтілуде. Бекеттер құрылысының аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Сонымен қатар, метроның «Қалқаман» және «Батыс автовокзалы» атты екі бекетінің жобасы жасалуда.

Бүгінгі күні «Оңай» электронды билеттендіру жүйесі қала қоғамдық көлігінің құрамдас бөлігіне айналды. Жүйе іске қосылған үш жыл ішінде 970 млн-нан астам транзакция тіркелді, қазіргі кезде күн сайын 1 250 мың сапар жасалуда, «Оңай» картасын 1 млн-нан астам адам белсенді қолданады. Жүйе тасымал саласының ашықтығын арттырды, жолаушылар ағынының 40%-і, транзакция кірісінің 65%-і көлеңкеден шығарылды. 2019 жылы «Көлік холдингі» ЖШС қосымша жабдықтар - терминалдар, сервер қондырғыларын сатып алу және бағдарламалық қамтамасыз ету үшін 280 млн теңге инвестиялады.

«Оңайды» енгізу тасымалдың нақты экономикасын көріп, соның арқасында субсидия бөлуге мүмкіндік берді.

Қазіргі кезде жолақының нақты бағасы 220 теңгеден асады, ал қала тұрғындары «Оңай» арқылы небәрі 80 теңге, яғни жолақының жартысынан азын ғана төлейді. Азаматтардың бірқатар санаты (балалар, оқушылар, студенттер, мүгедектер, зейнеткерлер және басқалары) тегін жүреді немесе 40 теңге төлейді.

«Қыс кезінде үздіксіз қызмет көрсету үшін қажетті қосалқы бөлшектер (шиналар, аккумуляторлар) сатып алынды және ЖЖМ жеткізушілермен келісімшарт жасалды», - деп атап өтті «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры Ғани Тәжиев. Үздіксіз қызмет көрсету үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша тасымалдаушыларға субсидия дер кезінде бөлінеді.

Коғамдық көлік кестесі мен интервалын сақтауда жедел шаралар қолдану үшін диспетчерлік қызметтің жұмысы күшейтілді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.