• eng
  • қаз
  • рус

Алматы мектептерінде қыркүйек айынан бастап IT-сыныптар іске қосылады

Алдағы оқу жылынан бастап Алматы мектептерінде материалдық-техникалық, әдістемелік қамтамасыз етілген IT-сыныптар ашылады. Қазіргі таңда жобаның электрондық платформасын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының IT-кеңесі барысында Алматы қаласы Білім басқармасының «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ директоры Андрей Дупик хабарлады.

«Бұл жалпы білім беретін мектептер базасында факультативтер ретінде болады. Біз бүгінгі таңда ең жоғары сұранысқа ие бағыттарды қамтитын боламыз, яғни бұл мобильдік қосымшаларды, веб-сайттарды, ойындарды, 3D моделдеуді, робототехниканы құру. Осы аталғандардың барлығын біз бір жерде, әрбір оқушы мен мұғалім қол жеткізе алатын электронды платформада жинаймыз. Мысалы, ол бағдарламаға кіріп, сол жерден белгілі бір тақырыпты таңдайды, тақырып аясында бейне сабақтар, контент, тестілеу болады, тақырып бойынша мұғалімдер мен оқушылар сабақ оқи алады. Мұғалімдер сабақта отырып, ал оқушылар үйден бәрін өзгерте алады. Бүгін Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы алаңында біз IT-қауымдастықтың пікірін тыңдадық. Олар бізге болашақта қандай бағыттар бойынша, қандай кадрлар қажет болатыны туралы идеяларын айтты. Біз алдағы уақытта осы жобаны жасай отырып, қаланың жетекші IT-компанияларымен міндетті түрде кеңесетін боламыз», – деп нақтылады Андрей Дупик.

Әзірлеушілердің айтуынша, бастапқы кезеңде жоба Алматының 102 мектебін немесе мегаполистегі мектептер жалпы санының елу пайызын қамтиды.

«Бұл қаланың әр түрлі аудандарындағы мектептер. Тиісті жарыстарға жиі қатысқандар іріктеліп алынды. Біз жобаның тұсаукесерін педагогтардың тамыз кеңесінде жасайтын боламыз. Жобаға қатысатын барлық мектептерге техника, бағдарлама, контент береміз. Жаз кезінде біз бағдарламаны бекітіп, оқытушыларды оқытуымыз қажет. Қыркүйек айында өз жұмысымызды бастаймыз. Осы мақсаттарға қаражат қалалық бюджеттен бөлінеді. Осындай пилоттық жоба Алматыда алғаш рет іске қосылады», – деді Андрей Дупик.

Жоба Қазақстанды жалпы цифрландыру аясында іске асырылуда және IT-оқыту үдерісіне тартылған балалар санын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ кеңеске қатысушылар bilimalmaty.kz мемлекеттік қызметтер порталын жетілдіру мәселелерін талқылады.

IT-Кеңес 2018 жылы Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы базасында құрылды. Кеңестің құрамына қаланың жетекші инновациялық компаниялары кіреді, олардың мақсаты IT-саланы дамыту, бизнесті, қаланы цифрландыру және автоматтандыру үшін ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Бүгінгі таңда Кеңестің 13 отырысы өтіп, оның шеңберінде ПД және ТКШ цифрландыру үшін 6 жоба ұсынылды (Элтекс SMART – IPTV, Ақылды үй, Есептеу құралдарынан деректер жинауды автоматтандыру; ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелерінің мониторинг жүйесі; TOP KSK порталы – белсенді және бей-жай емес тұрғындарға арналған интернет-портал; AUTOMETER – коммуналдық есептеуіш көрсеткіштерінің мониторинг жүйесі; «Алматы СУ» МКК – сумен жабдықтау және су бұру технологиялық процестерін диспетчерлеудің интеллектуалдық цифрлық платформасы; БКДҚ – барлық кезекші-диспетчерлік қызметтердің бірыңғай органға автоматтандырылған жүйесі, тағы 2 жоба Алматы қаласын Цифрландыру бағдарламасын іске асырудың жол картасына енгізілген (№54 мектеп-гимназия базасында IT-лицей ашу; мектептерді Wi-Fi желісімен 100% жабдықтау). Бұдан басқа, ҚБТУ жанындағы Инжиниринг және ақпараттық технологиялар институты Алматы қаласының ПД үшін криминогендік жағдайдың мониторинг жүйесін әзірледі (бірыңғай орталықта онлайн режимінде криминогендік жағдайдың мониторингі және визуализациясы, заңсыз әрекеттердің алдын алу бойынша шешім қабылдауға көмектесу, өзара байланысты қылмыстар бойынша жиынтық ақпарат ұсыну). Қазіргі уақытта Кеңес интернет-дүкендердің жеткізу қызметтері үшін тегін тұрақ орындарын құру, қаңырап тұрған ғимараттар мен құрылыстарды заманауи fulfillment және коворкинг-орталықтарға айналдыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақпарат көзі: «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.