• eng
  • қаз
  • рус

Алматы зейнеткерлері жаттығу залы мен бассейндерге тегін қатысып жүр

Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен биылдан бастап «Спорттық Алматы», «Спорт менің ауламда», «Батыл бол» сияқты жобалардың қатарына «Зейнеткерлердің белсенді ұзақ өмір сүруі» бағдарламасы іске қосылды. Бұл тегін бағдарлама 63-жастан асқан зейнеткерлердің арасында саламатты өмір салтын ұстануға бағытталған. Қазір оған 800 адам тіркеліп, күнделікті жаттығу өткізуде. Олардың тең жартысы бассейнге, ал 400 адам фитнес-залдарда дайндық өткізеді, деп хабарлайды ақпараттық-спорттық ХАБ.

Жоба шілде айының ортасында басталған болатын. Жаттығулар қаланың бес бассейні «Аквастарс», «Қазақстан» сауықтыру спорт кешені, «Н2О» орталықтарында және «Пирамида», «Аквастарс» бес фитнес-залында өткізіліп жатыр.

«Бағдарлама қатысушыларының әрқайсысы аптасына үш рет, бір сағаттан жаттығу өткізуі қажет. Ол адамды сауықтыру үшін жақсы әсер береді. Тәжірибеге сүйенсек, осы жастағы адамдар дене шынықтырумен айналысса ағзасының жұмыс істеуі мен қан айналымы жақсарып, қанттары азаяды.Сондай-ақ холестериндері азайып, буын еттері ауырмайтын болады және остеохондроздары кетеді», - дейді осы әлеуметтік жобаның жетекшісі Ерлан Адамбеков.


Оның айтуынша әр жаттығу топтарында бір кезекші бапкер болады. Олар көмек қажет болса, зейнеткерлерге жаттығуды қалай дұрыс жасап, не істеуге болады және не істеуге болмайтындығын айтып береді.

Алайда, әр адамға жеке бапкер болмаса жұмыс жасау қиындау екен. Себебі, қарт адамдарға ерекше және жеке тәсілдер керек. Егер келесі жылы осы бағдарлама жалғасын табатын болса, бұл бағытта жұмыс атқарылуы мүмкін. Ал, биыл бұл жоба тек пилоттық режимде жүзеге асырылып, жылдың соңына дейін жалғасады.
 

Осы жобаның қатысушысы болам деген кез келген зейнеткер қажетті құжаттар, яғни зейнеткер куәлігі, төлқұжатын өткізіп, келесі нөмірлер бойынша ұйымдастырушыларға хабарласуы тиіс: 8-701-761-07-63, 8-727-295-25-50.

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.