• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда 30 жыл бойы жұмыс істемеген велотрек жөнделді

Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында заманауи велотрек ашылды. Сонау 1979 жылы салынған нысан 30 жыл бойына жұмыс істемеген. Алматы әкімдігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаты және «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауы арқасында велотректі реконструкциядан өткізді.

Салтанатты шараға Алматы әкімі Бауыржан Байбек және «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ-ның төрағасы Ахметжан Есімов қатысты.

Жоба бойынша арнайы төсеніші бар жолдар жасалған, мұнда скейт-парк, дерт-трек, памп-трек, модулді бөлмелер, 200 орынды көрермен трибунасы бар. Көгалдандыру жүргізіліп, 150 ағаш отырғызылған.

Нысан велоспортты дамыту және бұқараға кеңінен таныту мақсатында белсенді түрде пайдаланылады. Велотректе қаланың спорт мектептерінің оқушылары үшін сабақтар өткізу, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасынан шыққан балалардың велоспортпен тегін шұғылдануы, түрлі жарыстар мен спорттық шаралар ұйымдастыру, «Apple Team» велокомандасын дайындау жоспарланған.

Бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша орталық саябақтың өзі жаңарған еді. Басқарушы компания инвестиция ретінде 1,6 млрд теңге жеке қаржысын жұмсап, жаңа субұрқақтар, балалар мен спорт алаңдарын салды. Жарық бағаналары, асфальт төсеніштер, тротуар плиткалары жаңарды, навигация орнатылды.

Парктің тура ортасынан орын алған бұрынғы көлік тұрағының орнына спорт алаңдары, стрит-воркаут, баскетбол, футбол алаңдары, роллердром мен скейтодром салынды.

Жазғы сахнаның шығыс жағында алма ағашын бейнелейтін жаңа субұрқақ пайда болды. Сонымен бірге 10 жыл бойына жұмыс істемеген субұрқақ жөнделді.

Айта кетерлігі, қалалықтардың талқылауынан өтіп, 2015 жылы қабылданған «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында мегаполистің тарихи орталығының 60 пайызы жөнделді, 600 жуық көше мен 1400-ден астам ескі аула жаңарды. Көше шамдарының үштен бірі диодты және энергия үнемдегіш түрлеріне көшірілді, 300 км арық және 2000 км инженерлік желі ауыстырылды және тартылды. Қаланың барлық жерасты өтпелі жолдары жаңарды.

Биыл қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50 пайызын қамтитын тағы 600-ден астам ауланы жөндеу жоспарланған. 120-дан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан өзге қаланың 14 ықшамауданында 456 жаңа көше салынады. Шет аймақтарда бірқатар саябақ, сквер мен жүргінші аймақтары абаттандырылады. Қалада қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 120-дан астам көшеге жаңа LED- шамдары орнатылады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.