• қаз
  • рус

Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасылар пәтер кілттерін алды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек пен «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі басқарма төрағасының орынбасары Жанар Жұбаниязова Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға пәтер кілттерін тапсырды.

Салтанатты рәсім барысында Бауыржан Байбек соңғы 3 жыл ішінде тұрғын үйге зәру 9 мыңнан астам отбасының пәтерлі болғанын, оның ішіне «Нұрлы Жер» бағдарламасының енетінін атап өтті. Олардың тең жартысы – көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар, ардагерлер, ерекше күтімді қажет ететін жандар және басқалары. Жақын арада тағы 2 мыңға жуық алматылық отбасы көптен күткен пәтерлерін алатын болады.

«Елбасы тапсырмасымен біз көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетіп келеміз. 2 апта бұрын ғана Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен алғашқы Аналарды қолдау орталығы ашылып, 1000-ға жуық отбасы кеңес алды. 400-ден астам бүлдіршін балабақшаға тегін баруда. Үздік оқулары үшін 3 мыңнан астам оқушы мен студент жергілікті бюджет есебінен наурыз айынан бастап стипендия алуда. Жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқыту жүргізілуде», - деді Бауыржан Байбек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтініштер бір ай бойы онлайн-режимде http://www.baqytty-otbasy.kz порталында қабылданды. Бұдан соң қала әкімдігі құжаттарды тексеріп, жеңілдетілген несиеге үміткерлердің тізімін бекітіп, ТҮЖҚБ жіберді.

Өтініштер сараптамасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардың басым бөлігінің 2016-2018 жылдары пәтер кезегіне тұрғандығын және кезекте 6-10 мыңыншы екенін, олардың пәтерді кем дегенде 5-6 жылдан соң ғана алатынын көрсетті. Ал қалалық бағдарлама оларға жаңа пәтерді бүгін алуға мүмкіндік берді.

Алматыда үй кезегіндегі 1276 көпбалалы отбасының тең жартысынан көбі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасына өтініш берді. Қазіргі кезде 195 көпбалалы отбасы банкте пәтер құжаттарын рәсімдеуде, 44 отбасы сатып алу келісімін жасап, тұрғын үй сертификаттарын алды.

«Қазіргі кезде «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі 345 отбасынан несие өтінішін қабылдады, олардың ішінде 195 отбасы пәтерлерді тапты, енді заем рәсімдеуге дайындалуда. Бүгінгі күні 12 көпбалалы отбасыға жалпы сомасы 163 млн теңге болатын несие берілді, біз оларды құттықтаймыз. Заемды олар еліміздегі ең төменгі 2% мөлшерлемемен алды, алғашқы жарна көлемі 10%. Алғашқы жарнаны төлей алмағандарға Алматы әкімдігі көмектесті, бір миллион теңге көлемінде тұрғын үй сертификаттарын берді», - деп түсіндірді Жанар Жұбаниязова.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие жаңа үйді сатып алуға беріледі. Заемның жалпы сомасы 15 млн теңге. Алматы түрғыны Анар Асанбекова екі бөлмелі пәтерді 13,5 млн теңгеге сатып алды. Өзінің жеке пәтеріне ол күйеуімен және 5 баласымен жақын күндері көшетін болады.

«Бұған дейін біз қала маңында жалдамалы пәтерде тұрдық. «Бақытты отбасы» бағдарламасын білген соң құжаттарды жинап, өтініш бердік, пәтерді таңдадық, енді көшуге дайындалудамыз. Қуанышымызда шек жоқ, Алматыда үй сатып аламыз деген ойымызда болған жоқ, өйткені қалтамыз көтермейтін еді», - деп қуанышымен бөлісті Анар Асанбекова.

Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіп, пәтер алу жолын жеңілдету бойынша тапсырма берген еді. Алматы жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасын қолға алған алғашқы қала. Осынау өміршең бағдарлама арқасында жүздеген алматылық отбасы өзгенің жалдамалы пәтерінен өзінің жеке үйіне көшті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.