• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда биылғы жылы тағы 600 километрден астам инженерлік желілер жаңарады

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың инженерлік коммуникацияларын салу және жаңарту мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Қаланың коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту мақсатында соңғы бірнеше жыл ішінде ғана 2 мың километрге жуық инженерлік коммуникация жөнделді. Биыл тағы 618 км желілерді салу және жөндеу жоспарланған, оның ішінде 160 км электр, 223 км газ, 10 км жылу желілері жаңарады. 52 мыңнан астам қала тұрғынын сапалы сумен және су бұрумен қамтамасыз ету үшін 120 км су құбыры мен 105 км кәріз құрылысы аяқталады.

Наурызбай ауданында 107,5 км су құбыры және 81 км су бұру, Ақсай мен Қарғалыда екі тазартқыш сүзгі стансасын салудың ЖСҚ жасалуда. Құрамыс, Таужолы, Жайлау шағынаудандарында су желілерін салудың ЖСҚ дайын. Бұл жобаларды жүзеге асыру осы жылы басталып, 140 мыңға жуық тұрғынды сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қалаға қосылған аумақтардағы 28 мыңнан астам тұрғынды сумен және кәрізбен қамтамасыз ету үшін бұрын 560 км инженерлік желілер салу және жаңарту басталған болатын. Дегенмен, комиссия тексерістері мен қала тұрғындарының әкімдіктің «Open Almaty» электрондық қоғамдық қабылдауына түскен шағымдарының негізінде мердігер ұйымдардың өз міндеттеріне немқұрайлы қарап, жұмысты сапасыз атқарғаны анықталды.

Қала әкімі тиісті мекемелер тарапынан қатаң бақылау жасап, бір ай ішінде кемшіліктерді жоюды, өткен жылдың өтпелі объектілерін 30 шілдеге дейін іске қосуды тапсырды.

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мердігер ұйымдар жұмыс кезінде арнайы қоршаулар мен жаяу жүргінші баспалдақтарын, айналып өту белгілерін, байланыс мәліметтері жазылған паспорттарды орнатуы тиіс. Әр учаске бойынша нақты мерзім, жұмыс жасайтын техникалар мен жұмысшылар саны белгіленген. Егер мердігер нормаларды сақтамайтын болса, онда қатаң айыппұл санкциялары қолданылады.

Алматы әкімі жөндеу жұмыстары кезінде өтініштерді жедел қарау мақсатында бұрыннан бар кері байланыс арналарымен қоса әр аулада тұрғындармен бірге танымал мессенджерлерде арнайы чат-топтарын құруды, оған аудан әкімдіктерінің, басқармалар мен мердігер ұйымдардың жауапты өкілдерін қосуды тапсырды.

Айта кетерлігі, бұған дейін «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының отырысында Бауыржан Байбек мегаполистің шет аймағындағы жолдарды абаттандыру, салу және жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырған еді. Мәселен, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» шағынаудандарында ұзындығы 120 км болатын 440 көшеде жолдарды жөндеу және салу жұмыстары басталады.

Бұдан өзге, қаланың барлық көпқабатты үйлерінің 50%-ін қамти отырып, тағы 680-нен астам ауланы жөндеу жоспарланған. Сәуірдің ортасынан бастап 120-дан астам көше орташа жөнделеді, жергілікті питомниктерде өсірілген 12 мың ағаш отырғызылады. Қаланың шет аймағындағы саябақтар, скверлер мен жаяу жүргінші аймақтары абаттандырылады.

Жалпы, 2015 жылы тұрғандырмен талқылаудан кейін қабылданған «Алматы-2020» даму бағдарламасы аясында мегаполисте тарихи орталықтың 60%-і, 600-ге жуық көше, 1400-ден астам ескі аула жөнделді. Қаланың барлық жер асты өткелдері жаңартылды. Көшедегі жарық көздерінің үштен бірі диодты және қуат үнемдегіш шамдарға ауыстырылды, 300 км арық ретке келтірілді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.