• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда цифрлық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызмет саны артты

Алматы қаласында цифрлық форматта көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны уақыт өткен сайын артып келеді. Мысалы, қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 11 түрін ұсынса, соның бесеуі қазір электронды түрде жасалады. Ал 2020 жылдың соңына дейін толық цифрлық форматқа ауысуды жоспарлап отыр.

Бұрын пәтердің жобасын өзгерту үшін Сейсмология институтына барып үйдің қабырғаларын зерттеуге тапсырыс беру қажет болатын. Оған қосымша қаражат пен уақыт кететін. Ал үйдің цифрлық төлқұжатында ғимараттың қандай материалдан салынғаны кірпіш пен бетонның қалыңдығына дейін жазылған. Оның үстіне жаңа жүйе қарапайым әрі оңай. Мысалы, қызыл сызықты қабырғаға тисуге болмайды, ал көк сызықты қабырғаны өзгертуге рұқсат деген сөз. Сондай-ақ, Алматыда сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру электронды форматқа ауыстырылған.

Алмасхан Ахмеджанов, қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Жүйе қажетті ақпараттық ресусрстармен толық жабдықталған. Адам үйінен шықпай-ақ өтініш бере алады. Бұл өтінішті жүйенің өзі өңдейді. Ол картадан нысанның қайда тұрғанын және осы ғимаратқа жақын маңдағы инженерлік желілердің барлығын көрсетеді. Сонымен қатар, жер телімін игеруге байланысты талаптарды да қаперге салады. Бұның барлығы адамның қатысуынсыз жасалады.

Жалпы Алматы қаласында цифрландырудың бес басым бағыты белгіленген. Олар білім, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және қоғамдық көлік саласы. Осы бағыттар бойынша қалада 40-тан астам жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі қоғамдық көлікте жол ақысын электронды төлеу.

Бауыржан Шадаев, зияткерлік көлік жүйесі жобасының жетекшісі:

- Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғындары немесе қонақтары келген қоғамдық көлікпен жүрген кезінде 97 пайызы тұрғындардың осы электронды төлеу жүйесі арқылы қолданылады. 3 ғана пайызы тек қолма-қол ақша беру. Бұл көрсеткішті біз жылдан жылға арттыруға тырысамыз.

Балабақша мен мектепке тіркеу де электронды жүйеге ауыстырылған. Барлық мемлекеттік медициналық мекемелерде бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілген. Қазіргі таңда бір миллионнан астам қала тұрғынында электронды денсаулық паспорты бар. Цифрландырудағы басты мақсат мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі қолайлы ету, дейді мамандар

Ақпарат көзі: «Хабар 24»

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.