• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жол картасы таныстырылды

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев Қоғамдық кеңес отырысында «2019 жылға арналған Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесін дамыту» жол картасын таныстырды.

Кездесу шеңберінде Қанат Төсекбаев басқармада денсаулық сақтау жүйесін ілгерілету және жаңғырту бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатқанын айтты. Медициналық ұйымдардың басшыларын менеджмент бағдарламасы бойынша, сапалы басқарушы құрам қалыптастыра отырып даярлау басталды. Бүгінгі таңда басшыларға арналған 70 KPI индикаторы бекітілді және еңбек шартына енгізілді. Медициналық мекемелерде госпитальдық сервис бойынша оқыту жүргізіледі, оның барысында алматылық дәрігерлер ұсынылатын медициналық көмектің сапасын барынша арттырып, медициналық қызметтер нарығында бәсекелестікті қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, басқарма басшысының айтуынша ана мен бала қауіпсіздігі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жұмысы, оңалту қызметі және т.б. бойынша оқыту жүргізіледі.

Сыбайлас жемқорлық көріністердің алдын алып, айқындылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін медициналық ұйымдардың қаржы ағынына бақылау және мониторинг жүргізіледі. Тұрақты негізде сайтта ұйымдардың табыстары мен шығыстары орналастырылады, онлайн режимде бос басшы лауазымдарына тағайындау кезіндегі сұхбаттасулар көрсетіледі, сондай-ақ дәрілік заттар мен жабдықтарды сатып алу шараларын орналастыру қарастырылып отыр.

Дәрілік заттарды электрондық сатып алуға арналған платформа құрылуда, жергілікті бюджеттен сатып алынатын дәрілік препараттарды беруге арналған дәріхана роботын орнату жөніндегі жоба іске асырылып жатыр. Мұндай роботтар ақысыз негізде Алматы онкология орталығында, балалар ауруханасында, сонымен қатар қалалық ревматология орталығында орнатылатын болады.

Бүгінде 1,6 млн аса электрондық денсаулық паспорт жасалды, цифрландыруды енгізу оң нәтиже берді: емханаға бару 2 есеге азайды, кезекте тұру да 2 есеге қысқарды. Сонымен қатар, электрондық паспорттарды енгізумен барлық жекеменшік медициналық ұйымдар қамтылатын болады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.