• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда Мемлекет басшысының халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру басталды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі қалалық жоспарды таныстырды. Мегаполис басшысының айтуынша, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын, соның ішінде көп балалы отбасыларды қолдау үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық отбасы реформа нәтижесін болашақта емес, дәл қазір сезінуі тиіс. Аз қамтылған азаматтардың табысын арттыру, баспанаға, сапалы білім мен денсаулық сақтауға қол жеткізу және өңірлерді дамыту үшін Президент қосымша 2 трлн теңге бөлуді тапсырды. Президент алға қойған әлеуметтік міндеттерді сапалы орындау үшін Алматыда нақты шаралар жоспары, оның ішінде «Бақытты отбасы» қалалық әлеуметтік бағдарламасы қабылданды. Бұл – жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студеттерге арналған шәкіртақылар, әлеуметтік және бір реттік төлемдер, жұмысқа орналастыру және т.б. Жалпы, халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді», - деді Бауыржан Байбек.

11 наурыздан бастап Алматыда «Бақытты отбасы» арнайы қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданады. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ін құрайды, мөлшерлеме - 2%. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың бастапқы жарнаны төлеуге қаражаты жоқ болғандықтан, қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

Осы күннен бастап Алматының тұрмысы төмен отбасылары үшін екінші баладан бастап балабақша тегін болады.

20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 4 мыңға жуық оқу үздігіне стипендия төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университеттер мен колледж студенттері 10 мың теңгеден алады.

Қиын жағдайға душар болғандарға берілетін бір реттік төлем көлемі 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге дейін көбейеді. Ұлғайтылған төлемдер 15 наурыздан бастап беріліп, 5 мыңға жуық адамды қамтиды. 15 наурыздан бастап аз қамтылған отбасыларға жеке ыстық және суық су есептегіш құралдарын орнатуға берілетін жәрдемақы көлемі 70%-ке немесе 5 мыңнан 8,6 мың теңгеге өседі. Бұдан бөлек, халықтың аз қамтылған тобына коммуналдық қызметке кететін шығынның 5%-іне дейін өтеу бойынша тұрғын үй көмегін көрсетуге қаражат бөлінді.

1 наурыздан Алматыдағы жұмыссыз аналарды оқыту және кәсіби даярлау шаралары басталды әрі оларға ай сайын 16,7 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Қалада жастар практикасы, субсидия бөліп жұмыспен қамту, ай сайынғы жалақысы 63 мың теңге болатын әлеуметтік жұмысқа тарту шаралары ұйымдастырылады.

Бір терезе қағидасы бойынша құқықтық және психологиялық кеңестер беріліп, оңалту көмегі көрсетілетін көпбалалы аналарға арналған бірінші орталық 1 сәуірден бастап есігін ашады. Мұнда көпбалалы аналар жұмысқа орналаса алады, олардың ыңғайлығы үшін шағын балабақшалар ұйымдастырылады.

Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева мегаполисте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалға берілетін, оның ішіне аз қамтылған отбасылар үшін, 40 мыңнан астам пәтер құрылысы басталатынын айтты.

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-іне дейін арттыруға байланысты, Алматыда оны алатындар саны 2 699 дан 4000 адамға өсті. Мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін төлем көлемі 31,1 мыңнан 41,6 мың теңгеге артады. Бұл шара 7 394 адамды қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматыда бюджеттік саланың 30 мыңнан астам қызметкерінің жалақысын 30%-ке дейін көтеру жоспарланған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.