• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда мемлекет мұқтажына арналған жер учаскелері нарықтық құны бойынша алынады

Бұдан былай мемлекет мұқтажына арналған жер учаскелері нарықтық құны бойынша алынады, ал оларды бағалауды тәуелсіз сарапшы жүргізеді.

2019 жылғы 21 қаңтарда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, құжат жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу кезінде тең құнды өтеуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасайды.

«Заңға сәйкес, енді мемлекет мұқтажына арналған жер учаскелері жер учаскесіне құқықтың пайда болу негіздеріне қарамастан нарықтық құны бойынша алынады. Қазіргі уақытта алынатын жер учаскелернің құны кадастрлық баға немесе азаматтық-құқықтық келісімшартта немесе сот шешімінде көрсетілген құн бойынша анықталады. Әдетте, бұл бағалар жер учаскелерінің нарықтық баға деңгейіне сәйкес келмейді. Мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскесінің нарықтық құнын тәуелсіз бағалаушы мүлікке бағалау жүргізу күні бойынша айқындайтын болады. Қабылданған заңға сәйкес, меншік иесінің баламалы тәуелсіз бағалау жүргізуге және келісу рәсімдері шеңберінде жергілікті атқарушы органға бағалау қорытындысын ұсынуға мүмкіндігі бар», - деді Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Қанат Базарбаев.

Бұл ретте, Әділет департаментінің өкілі бағалау нәтижесімен келіспеген жағдайда меншік иесі «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңға сәйкес сотқа немесе сараптама кеңесіне шағымдануға құқылы екенін атап өтті.

«Сонымен қатар, мемлекет пайдасына алынған учаскенің орнына меншік иесіне тең құнды жер телімін беруге байланысты шығындарды әкімдіктер көтереді. Осылайша, заңнамаға енгізілген түзетулер азаматтардың алынатын жер учаскелері үшін әділ өтемақы алуына бағытталған. Осы мақсатта Жер кодексіне және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізілді», - деп түйіндеді Қанат Базарбаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы Әділет департаментінің баспасөз қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.