• eng
  • қаз
  • рус

Алматыда мыңға жуық жеделсатының мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен

Қаладағы тұрғын үй қорындағы 18 пайыздан астам лифтінің әбден тозығы жетіп тұр. Оларды 2020 жылға арналған Өңірлерді дамыту бағдарламасына қатысу арқылы жаңғыртуға болады.

Алматының тұрғын үй қорында 5 мыңнан астам жеделсаты бар. Оның қазір 900-ден астамы адам өміріне қауіпті. Өйткені олардың дені 25 жылдан аса жұмыс істеп жатқандар.

«Тұрғындар көбіне жеделсатылардың сыртына қарап, бәрі жақсы екен деп ойлайды. Кабинасы мен есігі бұзылмаса болды дейді. Алайда, лифттің ең маңызды бөлігі – қозғалтқышы. Жыл сайын оны қарап, техникалық жөндеу жасап тұру керек. Шахтаның ішіне су кіруі мүмкін. Сонымен қатар шаң басып, тросстың жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан біз белгілі уақытта жедел сатылардың жабдықтарын ауыстырып тұрамыз», – деді «Алматылифт» ЖШС инженері Ермек ЫҚТЫМБАЕВ.

Жаңа жеделсатының бағасы кем дегенде 6 млн теңгеден басталады. Оны ауыстыруға тұрғындардың шамасы жете бермейді. Осы тұрғыда қалада 2020 жылға дейін жоспарланған «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылады. Ескірген көтеру механизмін жаңартқысы келген тұрғындар, алдымен пәтер иелері коопертиві төрағасымен жалпы жиналыс өткізуі керек. Тиісті хаттама толтырып, өтініш берілген соң, жаңарту жайы жоспарға қойылады.

«Жалпы лифт қайтарым мерзімі 8-ден 15 жылға дейін. Ол әр үйдің, пәтердің жалпы ауданына байланысты есептеледі. Аз аудан болса, аз ақша қайтару керек. Ауданы көп болса, көп ақша төлейді. Қайтарылым ақшасының сомасы бүкіл келісімшарттың мерізімінде ешқандай өзгеріске ұшырамайды. Және тұрақты болып қалады», – деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС бөлім басшысы Қуаныш СЕЙІТОВ.

Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 148 үй қатысып, нәтижесінде 300 лифт ауыстырылған.

«Әрдайым қорқатын едік. Балалар ішінде тоқтап қалатын, иісі де жаман еді. Өзім 5-қабатта тұрамын. Жаяу шығу бізге қиын, лифт өте керек. Сондықтан лифт жаңарғанына өте қуаныштымыз», – деді Инабат АЛАУОВА.

«Жеделсатыға қорқынышпен отыратынбыз. Жоғары қабаттан төменге жете аламыз деп үрейленетінбіз. Себебі ол жүргенде теңселіп тұратын. Тоқтап тұрып қалатын кездері де жиі болатын», – деді Гүлбаршын ЖАҚЫПОВА.

Жеделсатыны жаңалау жұмысы осы қарқында жалғасатын болса, қаладағы тозығы жеткен көтеру механизмдерін 2-3 жылда ауыстыруға болады дейді мамандар.

Ақпарат көзі: Almaty.tv

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.