• қаз
  • рус

Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Алматыда Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша актив отырысы өтті

Бүгін, 5 қыркүйекте Алматыда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мәселелеріне арналған қала активінің жиыны өтті.

Алматы әкімі Жолдауда көрініс тапқан бес бағытты және белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты шаралардың жүзеге асатынын айтты.

Ол өз сөзінде азаматтардың қала әкімдігіне жіберген өтініштерінің қатаң бақылауға алынатынын және заң шеңберінде шешілетінін жеткізді. Азаматтардың барлық конструктивті сауалдарына жедел әрі нақты назар аударатын «Тыңдай алатын мемлекет» концепциясы іске асатын болады.

«Біз жұмысты бастап кеттік. Барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде аккаунттар ашты, осы арқылы олар алматылықтардан тікелей «кері байланысты» қабылдай алады. Басқармалар мен аудан әкімдіктерінде екі аптада бір рет «Ашық есік күндері» өтуде. Назар аударылмаған әрбір өтініш үшін бірінші басшылар жеке жауапқа тартылады. Кадрлық шешімдер ең алдымен олардың тұрғындармен жұмысының бағасына қатысты қабылданады», - деді Алматы әкімі.

Бұдан өзге, қалада заң шеңберінен шықпайтын және азаматтар тыныштығын бұзбайтын бейбіт акциялар өткізу үшін жаңа орындар қарастырылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада құқық қорғау жүйесін реформалау жалғасуда. 2020 жылы бейнемониторинг жүйесі енгізіледі, соның арқасында адамдар көп жиналатын орындарға мониторинг пен бейнесараптама жүргізіледі және қаланың барлық басты объектілері қамтылады. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды тетіктердің бірі. «Е-Қылмысты іс» және « Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» жобалары енгізілді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін Полиция департаменті цифрлы шешімдерді қолдануды қамтамасыз етеді.

Келер жылдың аяғына дейін 112 бірыңғай шұғыл қызметі енгізіледі. Бұдан өзге, полиция жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаланың барлық аудандарында 11 фронт-офис ашылады. Мұнда келушілерге ХҚКО принципі бойынша жайлы жағдайда қызметтер көрсетіледі.

Биыл сел қауіпін төмендету үшін Кіші және Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерінде мониторинг жүргізетін 10 автоматтандырылған станцияның құрылысы басталды.

Бұдан өзге, Алматы әкімі кәсіпкерлікті дамытудың нақты шараларын айтты. Ең алдымен мәдениет, туризм, көлік, логистика және ІТ инновация салаларында кәсіпкерлікті дамытуға назар аударылады. Отбасылық бизнес тәжірибесін, соның ішінде көпбалалы отбасыларда дамытуға ерекше мән беріледі. Сондықтан, Алматыда «Бақытты отбасы» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында әйелдерді кәсіпкерлікке үйрететін «Isker Ana» бағдарламасы қолға алынды.

Жыл аяғына дейін мүмкіндігі шектеулі жандар үшін олардың жұмыс орындарында тәлімгерлік пен тәжірибе жинақтау орталығын ашу жоспарланған.

Кәсіпкерлікке жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Алматының алты ауданында филиалдары бар «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы құрылды. Мұнда барлық меморгандардың, даму институттары мен монополистердің мамандары қызмет көрсетеді. Бұл шаралар қызмет көрсету уақытын қысқартып, қолжетімділікті қамтамасыз етуде. Бүгінгі күні Алматыда ШОБ субъектілерінің саны 185 мың. Олар ІЖӨ 40%-ін, салықтың 64%-ін қамтамасыз етеді, 600 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Бұдан өзге, Бақытжан Сағынтаев қаланың туристік әлеуетін дамыту қажеттігін атап өтті.

Туристік кластерді дамыту туралы сөз қозғаған әкім қолданыстағы курорттарды назарға алуды, бұлардағы көлік, тұру, тамақтану, жайлы жағдай жасау мәселелерін ретке келтіруді қадап айтты.

Алматы туристер үшін тау шаңғысы базаларымен ғана тартымды болмауы тиіс.

«Іскерлік, мәдениет, спорт туризмін дамытқан жөн. Мұнымен күн сайын және барлық бағыттар бойынша жұмыс жасау керек. Сонда ғана біз туристердің тек тауларымызды көру үшін ғана келмегендерін сезінетін боламыз», - деді Б.Сағынтаев.

Бұдан өзге, мегаполис басшысы Алматыда цифрландыру мәселесі бойынша басқарма құрылатынын хабарлады. Жаңа басқарманың міндеті - келер жылдың аяғына дейін қажетті мемқызметтерді толық автоматтандыру.

Алматы – Қазақстанның цифрлы астанасы. Қазіргі кезде қала цифрлық сауаттылық деңгейі бойынша (82,6%) көш басында. ІТ қызметтің үштен бірі оңтүстік астанада орындалады. Астанамен бірге Алматыда мәліметтерді жедел жіберудің жаңа форматы – 5G тестіленуде.

«Менің тапсырмам бойынша әкімдікте цифрландыру мәселесі бойынша жеке басқарма құрылады. Оның міндеті – ақылды қалалардың жаңа жобаларын енгізу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды аяқтау, Алматыда ІТ сектор қарқынын жыл сайын жеделдету үшін жағдай жасау», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Қазіргі кезде Алматыда қажетті мемқызметтердің 80%-і автоматтандырылған. Жаңа цифрландыру басқармасының міндеті - 2020 жылдың аяғына дейін қажеттіліктегі мемқызметтерді толық автоматтандыру.

Қала активінің отырысы барысында мегаполис басшысы медмекемелерді материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жүргізілген аудиттің нәтижесі туралы хабарлады. Қазіргі кезде қаланың емханаларын жарақтандыру айырмашылығы 20%-тен 80%-ке дейін. Қалада медмекемелерді жарақтандырудың 3 жылдық жоспары жасалды. Медұйымдарда 30 мыңнан астам медициналық қондырғы бар, олардың 10,9 мың бірлігінің тозығы жеткен.

Сондықтан, медқұралдарды сатып алу үшін 86 млрд теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған. 2020 жылдың өзінде 1,4 мың бірлік медтехника алынады. Жедел медкөмек қызметі үшін келер жылы 80 автомобиль сатып алынады.

Шұғыл кардиологиялық көмек үшін қаланың №4,7 және ОҚКА сияқты үш стационарында кардиобөлімдер ашу жоспарланған. 2019 жылдың қазанында Алатау ауданында Жедел медициналық көмек қызметінің жаңа қосалқы станциясы іске қосылады. Барлық аудандарда 35 отбасылы-дәрігерлік амбулатория ашылатын болады.

Жиын соңында Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында алдағы уақытта жүзеге асуы тиіс бес маңызды міндеттің көрініс тапқанын еске салды. Жолдаудың басты мақсаты - халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

Қала активінің отырысында қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым мен қоғамдық ұйымдар өкілдері Жолдаудағы алға қойылған міндеттер туралы айтты және бағдарламалық құжаттың негізгі қағидаларын жүзеге асыруға қатысты пікірлерін білдірді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.