• eng
  • қаз
  • рус

Алматылық құтқарушылар 125 мыңнан астам өтінішті қарады: қала тұрғындарына таудағы қауіпсіздік шаралары бойынша ұсыныстар берілді

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласының Құтқару қызметі директорының орынбасары Ержан Қаңлыбаев, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің басшысы Сергей Толкунов, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Естай Әлімжанов таулы және жаяу жүру бағыттарындағы қауіпсіздік ережелері туралы айтып берді.

Құтқарушылар көбінесе туристер тауға алғашқы сапар алдында өз мүмкіндіктерін асыра бағалайтынын атап өтті. Осыған байланысты оларға маршруттың уақыты мен орнын алдын ала жоспарлау, қатысушылардың құрамын бекіту, керек-жарақ дайындау, қажет болған жағдайда дәрі қобдишасын жинау секілді бірқатар шараларды орындау ұсынылады.

«Тауға саяхат кезінде туристердің жиі жасайтын қателігі – жоспар мен маршрутты құрмау. Әрқашан жоспар құрып, қозғалыс бағытын білу керек. Екінші қателік – күшін асыра бағалау: көптеген туристер белгілі бір қашықтықты жүріп өтемін деп ойлайды. Діттеген жерге жеткеннен кейін олардың енді кері қайтарға күші қалмайды. Сіз әрқашан өз күшіңізді ескеруіңіз керек. Сондай-ақ, көптеген адамдар ауа-райы туралы ескертулерді елемейді. Өз туыстарыңызға олардың бағыты, уақыты, сізбен бірге қанша адам бар екендігі туралы ескерту қажет. Маршрутқа тыйым салынған жерлерге бармау керек. Ондай аумақта көшкін болу қаупі бар болуы мүмкін», — деп түсіндірді Е. Қаңлыбаев.

Бұл ретте, таулы жерлерде болу маршруты мен күніне байланысты ауыз судың, тамақ өнімдерінің жеткілікті қоры болуы қажет. Сонымен қатар, созылмалы аурулары, буын аурулары және т.б. бар адамдарға тауға барудан бас тарту, демалудың басқа түрлерін таңдау ұсынылады.

Балаларды өзімен бірге таулы жерге жаяу турға алып баратын ата-аналарға да ұсыныстар берілді.

«Құтқарушылар таулы жерлерге шыққан кезде, ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғанына куә болған. Балалар таулы өзендерде шомылып, суға батқан жағдайлар болды. Ата-аналар мұқият болуы керек. Балаларды қараусыз қалдырмауы керек. Олардың іс - әрекеттерін бақылау қажет», — деді Е. Қаңлыбаев.

Өз кезегінде Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Естай Әлімжанов, тауда балалармен болған кезде ата-аналарға балаларына ыңғайлы киім кигізіп және дұрыс жабдықпен қамтамасыз ету маңызды екенін айтты.

Құтқару бөлімшесінің басшысы Сергей Толкунов егер турист жоғалса, өзін қалай ұстау керектігі және құтқарушыларды қалай шақыру керектігі туралы айтты.

«Ең алдымен, 112 нөміріне қоңырау шалып, маршрутыңыз туралы, қай жерде екеніңізді және қанша уақытта көтерілгендігіңіз туралы хабарлауыңыз керек. Сіз қайда, қайдан және қалай барғаныңыз туралы толық ақпарат беруіңіз керек. Тұрған жеріңізді сипаттаңыз. Ұялы телефондарда геолокация режимі бар, бұл деректер құтқарушыларға хабарлануы керек. Сондай-ақ, сіз киген киіміңіз туралы, қанша адам екеніңізді хабарлауыңыз шарт. Ақпаратты жедел беру қажет», — деді ол.

Қаланың Құтқару қызметінің хабарлауынша, 2020 жылғы 1 қаңтар мен 13 қазан аралығында бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің кезекші ауысымдарының жеке құрамы тәулік бойы «109» бірыңғай телефон нөмірі бойынша Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарынан 125764 өтініш қабылдап, жұмыс істеген. Кәсіпорын бөлімшелерімен 16 658 құтқару жұмысы жүзеге асырылды және жасалды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі 

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.