• eng
  • қаз
  • рус

Алматылықтар қала аудандарының аумақтарын жақсарту бойынша «Бюджетке қатысу» жобасына 180 өтінім берді

19 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында «Бюджетке қатысу» жобасы Алматы аудандарының аумақтарын жақсарту бойынша жалпы сомасы 9,2 млрд теңге болатын 180 өтінім қабылдады. Жобалық ұсыныстарды қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады. 2019-2020 жылдарға арналған «Алматы қаласының бюджетіне қатысу» пилоттық жобасын ұйымдастыру тәртібінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің өтінімдерді (жобалық ұсыныстарды) қабылдау мерзімін 15 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін ұзарту, «әлеуметтік маңызы бар» жобалар санатын қосу және қағаз түрінде дауыс беруді өткізу мүмкіндігі тұрғысында ұсыныстары ескерілді.

Бүгінде берілген жобалық ұсыныстар саны бойынша Алмалы (56), Медеу (37) және Бостандық (34) аудандары көш бастап тұр.

Ең көп 47 өтінішті алматылықтар «Аула аумақтарында және жалпы пайдалану орындарында спорт, балалар ойын алаңдарын орнату және жөндеу» санатына берді.

Қалалықтардың ұсыныстары ішінде: Көкжиек шағынауданы маңында сквер ұйымдастыру, әл-Фараби даңғылында шуылжұтқыш қоршаулар орнату, қала көшелерінде қоқыстарды бөлек жинау үшін жәшіктер орнату, Togyzkumalak көне ұлттық зияткерлік ойынын ойнау, үйрету және танымал ету үшін алаң құру, метрополитенде және сауда орталықтарында алюминий және пластик ыдыстар қабылдау бойынша фандоматтар орнату, транспондерлерді пайдалана отырып соқыр және нашар көретіндерге арналған дыбыстық құлақтандыру жүйесін енгізу және т.б. бар. Жобалармен толығырақ budget.open-almaty.kz сайтында танысуға болады.

1-18 қазан аралығында қала тұрғындары берген жобалық ұсыныстарды барлық аудандық әкімдіктерде құрылған сараптау комиссиялары қарайды. Дауыс беру 19-29 қазан аралығында өтеді. Іске асыруға рұқсат беру үшін жоба Алматы тұрғындарының 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Қаланың бір тұрғыны үш жобалық ұсынысқа дауыс беруге құқылы.

Бұған дейін хабарланғандай, жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы беріледі. Ол үшін өтінімді толтыру қажет (жобалық ұсыныстың атауын, оның сипаттамасын, объектінің мекенжайын көрсету), жобалық ұсыныстың эскизі мен сметасын міндетті түрде бекіту керек (бағдарлы болуы мүмкін). Бір жобаның ең жоғарғы құны 100 млн теңгеден аспауы тиіс.

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.