• eng
  • қаз
  • рус

Алматының Алатау ауданындағы жолдарды жөндеуге 7 млрд теңге бөлінеді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының жиынында қалада, сонымен қатар мегаполистің шет аймақтарында абаттандыру, жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарын барынша қарқынды жүргізуді тапсырды.

Соңғы 10 жыл ішінде қалаға қосылған Алатау ауданын дамытуға билік 434 млрд теңге бөлді. Соның арқасында мұнда 12 мектеп, 5 емхана, 16 мемлекеттік және 151 жеке балабақша, «Ақбұлақ», «Алғабас-6», «Саялы» ықшамаудандары, бірқатар спорт және мәдени нысандар, оның ішінде «Алматы Арена» мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры бой көтерді. Инфрақұрылымды дамыту үшін 223 км электр, 276 км газ желілері, 688 км су құбыры, 453 км кәріз жүйелері тартылды. 93 км жол және үш жолайрығы салынды.

Сонымен қатар Бауыржан Байбек асфальтталған жолдардың болмауы мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмегенін атап өтті. Тек соңғы айда әкімдіктің «Open Almaty» электронды қоғамдық қабылдауы арқылы 100-ден астам шағым келіп түскен. Кейбір ықшамаудандарда мұндай жағдай инженерлік желілерді салған жауапсыз мердігерлерге байланысты қалыптасты.

«Маған алаңдаушылық білдірген тұрғындардан шағымдар келіп түсуде. Адамдарды қинамай, жағдайды түзету қажет. Осыған байланысты 12 ықшамауданда жол салу үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 3 млрд теңгеге қоса, Стратегия және бюджеттік жоспарлау басқармасына бірқатар жобаларды оңтайландыру есебінен жергілікті бюджеттен тағы 4 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірге жұмыстың сапасы үшін жеке жауап береді. Мен жиі барып, атқарған жұмыстарыңды тексеріп тұрамын», - деді Бауыржан Байбек.

Осылайша, Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік», «Көк Қайнар» ықшамаудандарында ұзындығы 120 км болатын 440-тан астам көшеде жолдарды салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетерлігі, таяуда Бауыржан Байбек қаладағы жолдар мен тротуарларды жөндеу мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізген еді. Биыл ұзындығы 111 км болатын 120-дан астам көше орташа жөндеуден өтеді.

Бұдан өзге, мегаполис басшысы көктемнің келуімен орталық даңғылдарда да, аудандық маңызы бар көшелерде де ашық қалған люктар мен шұңқырлар бойынша шағымдар жиілегенін атап өтті. Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев ауа райы қолайлы болған жағдайда, барлық магистральді көшелерде ағымдағы жөндеу 10 күн ішінде жүргізілетінін хабарлады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.