• қаз
  • рус

Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

«Бақытты отбасы»: Алматыда тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды кешенді қолдаудың қалалық бағдарламасы жасалды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек тұрғындармен жыл сайынғы есептік кездесуінде 7 бағыт бойынша 13 нақты шарадан тұратын аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдаудың «Бақытты отбасы» кешенді қалалық бағдарламасын ұсынды. Оның ішінде жеңілдетілген ипотека, қайта оқыту және жұмысқа орналастыру, шәкіртақылар мен тегін балабақшалар, сонымен қатар жергілікті бюджеттен бір жолғы төлемдер көлемін арттыру.

1. Ана орталығы

Көп балалы аналарға арналған «Бақытты отбасы» қалалық орталығы құрылады, онда бір терезе қағидаты бойынша құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, оңалту көмегі көрсетіледі. Мұнда көп балалы аналардың өздері жұмысқа орналаса алады. Аналарға ыңғайлы болу үшін орталықта шағын балабақша ұйымдастырылады.

2. «Бақытты отбасы» арнайы әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы

Кезекте тұрған көпбалалы және толық емес 1276 отбасының көбінде алғашқы жарнаны төлеуге қаржылары жоқ болғандықтан, қала бюджетінен 1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді. Алғашқы жарна пәтер құнының 10%-ін құрайды, мөлшерлеме 18 жылға 2%.

Несие тек жаңа үйлердегі құны 15 млн теңгеден аспайтын шағын пәтерлерге ғана беріледі. Биыл Алатау және Наурызбай аудандарында осындай 500-ден астам пәтер тапсырылады. Бұдан өзге, ескі үйлер сүріліп, жаңалары салынады. Мемлекеттік – жекешелік әріптестік бойынша бес жыл ішінде 23 пәтер салу жоспарланған.

3. Жұмысқа орналастыру

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикада «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жұмыс таба алмай жүрген, мамандығы және тәжірибесі жоқтарға Жұмыспен қамту орталығы көмектеседі. Өткен жылы 32 мың адам жұмысқа орналастырылды.

Әр адамға 63 мың теңге көлемінде жалақы төлеу үшін жұмыс берушілерге жергілікті бюджеттен субсидия бөлінеді. Өткен жылы әлеуметтік жұмыстарға 4200 адам, жастар тәжірибесіне 1300 адам жіберілді.

Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында қаржы көлемі 30%-ке, 2 300 адамға өседі, оның ішінде 1200-і көп балалы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары мен колледждердің түлегі. Сонымен қатар, әйелдер кәсіпкерлігіне белсенді қолдау көрсетіледі.

4. Білім

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында Алматы қаласында тұрмысы төмен отбасылар үшін екінші баладан бастап балабақша тегін болады.

Аз қамтылған отбасылардағы оқу озаттарына шәкіртақы төленеді. Бұл олардың білімге деген ынтасын арттырады. Университет пен колледж студенттеріне ай сайын 10 мың теңгеден, мектеп оқушыларына 5 мың теңгеден беріледі.

5. Жыл сайынғы әлеуметтік төлемдер

Алматы қаласының 2019 жылға арналған бюджетінде 2 млрд теңгеге тұрақты сипаттағы 11 әлеуметтік төлем жасау көзделген, бұл 24 мың адамды қамтиды.

Ай сайын аз қамтылған азаматтарға коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй көмегі беріледі. Егер бұрын мұндай көмекті 2 600-ден астам отбасы алса, енді «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында төлем көлемі 2 есеге өсіп, онымен қамталатындар қатары 30%-ке артады.

Мүгедек балаларды үйде оқыту бойынша шығындарды өтеуге атаулы әлеуметтік көмек ұлғаяды.

6. Бір реттік төлем

Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау үшін бір реттік төлемдер тағайындалады. Бұл асыраушысынан айырылғандар, мүгедектік алғандар, зорлық-зомбылықтан, өрттен, су басудан немесе басқа да төтенше жағдайлардан зардап шеккендер. Бір жыл ішінде мұндай көмекті 4,3 мың адам алды. Осы жылдан бастап төлем көлемі 2 есе – 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге дейін өсті.

Тұрмысы төмен отбасыларға ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнату үшін берілетін жәрдемақы көлемі 70%-ке артады.

7. Алматылықтардың қайырымдылық көмегі

Қала кәсіпкерлері «Бақытты отбасы - Алматы» қоғамдық қайырымдылық қорын құрады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жалпы алғанда 7 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдаумен қамтылады. 1276 отбасы жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама бойынша пәтер алуға мүмкіндік алады. 2 мың адам оқытылады, қосымша 2300 адам жұмысқа орналасады. Кем дегенде 710 бала балабақшаға тегін барады, 1950 оқушы, 385 колледж студенті, 1461 ЖОО студенті шәкіртақы мен көмек алады.

Бұған дейін Бауыржан Байбек Алматыдағы аса қажет емес бірқатар шығындардан бас тартуды ұсынған еді. Үнемделген қаражат азаматтардың өтініштері бойынша айқындалатын әлеуметтік басымдықтарға сәйкес бөлінеді. Бұл әдетте жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың әлеуметтік осал топтарын, ең алдымен, көп балалы аналарды қолдау ауқымын кеңейту, әлеуметтік сипаттағы басқа да мәселелерді шешу.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

 

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.