• eng
  • қаз
  • рус

Бауыржан Байбек Алатау ауданындағы әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқынын тексерді

Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қарқынын тексеріп, Алатау ауданын абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Таяуда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен кеңес өткізіп, аз қамтылған азаматтарға жалдамалы пәтерлер бөлуді және халықтың тұрмысына оң әсер ететін инфрақұрылымдық сипаты бар жүйелі мәселелерге назар аударуды тапсырған еді. Бұл ТҮКШ саласындағы жылу және сумен жабдықтау, су бұру, жолдар мен газдандыру мәселелері.

Бүгінде Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60-қа жуық үйдің құрылысы жүріп жатыр, ал жыл басынан бері 308 пәтерлі 7 үй пайдалануға берілді. Жалпы 2019 жылы 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар қалада Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Республика бойынша банктер қараған және қабылдаған барлық өтінімдердің 25%-дан астамы Алматыға тиесілі.

Бауыржан Байбек жаңа нысандарды аралап, Ақбұлақ шағынауданында пайдалануға берілген үйлердің тұрғындарымен сөйлесті, олардың өтініштерін тыңдап, жеке бақылауына алды.

Тұрғындар қала әкімінен тағы бір мектеп пен тұрғын үйлерге апаратын қосымша жол салуды сұрады. «Алматы Арена» стадионына қарама-қарсы бағдаршам орнату және қоғамдық көліктің қосымша бағыттарын ашу туралы өтініш айтылды.

Қала әкімі екі ай ішінде бағдаршам орнатып, жаяу жүргіншілер өткелін салуды және Б.Момышұлы көшесі жағынан тұрғын үйлерге апаратын қосымша жол құрылысын жеделдетуді тапсырды. Тұрғындар күзге қарай Атлетикалық қалашыққа қарама-қарсы 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталатыны туралы хабардар етілді. Сондай-ақ ағымдағы жылы Алатау ауданында жаңа автобус паркі іске қосылып, соның арқасында қоғамдық көліктің жаңа бағыттары ашылады.

Бұған дейін «Нұр Отан» партиясы қалалық бюросының отырысында Бауыржан Байбек «Ақбұлақ», «Қарасу», «Ұлжан-2», «Алғабас-АЗТМ», «Әйгерім-1», «Әйгерім-2», «Ұлжан-1», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2», «Томирис», «Дархан-Байбесік» және «Көк Қайнар» шағынаудандарындағы 440 көшенің жолдарын жөндеу мен салуға қаражат бөлуді тапсырған болатын.

Алматы әкімі асфальтталған жолдардың болмауы мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмегенін атап өтті. Әкімдіктің «Open Almaty» электрондық қоғамдық қабылдауы арқылы 100-ден астам шағым келіп түскен. Кейбір ықшамаудандарда мұндай жағдай инженерлік желілерді салған жауапсыз мердігерлерге байланысты қалыптасты.

«Маған алаңдаушылық білдірген тұрғындардан шағымдар келіп түсуде. Адамдарды қинамай, жағдайды түзету қажет. Осыған байланысты 12 ықшамауданда жол салу үшін республикалық бюджеттен жоспарланған 3 млрд теңгеге қоса, бірқатар жобаны оңтайландыру есебінен жергілікті бюджеттен тағы 4 млрд теңге бөлуді қамтамасыз ету керек. Аудан әкімі тиісті басқармалармен бірге жұмыстың сапасы үшін жеке жауап береді. Мен жиі барып, атқарған жұмыстарыңды тексеріп тұрамын», - деді қала басшысы.

Соңғы 10 жыл ішінде қалаға қосылған ауданда 12 мектеп, 5 емхана, 16 мемлекеттік және 151 жеке балабақша, бірқатар спорт және мәдени нысандар салынды. Бірнеше жолайрығы, 688 км су құбыры және 453 км кәріз жүйелері, 223 км электр және 276 км газ желілері тартылды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.