• eng
  • қаз
  • рус

«БізАлматы» жобасы аясында «Алматы қаласының көлік жүйесін дамыту стратегиясы» тақырыбында VI форум өтті

Форумның мақсаты – қаланың көлік жүйесі стратегиясын дамытудың негізгі бағыттарын айқындау. Шараға қала әкімдігі мен көлік компанияларының өкілдері, шетелдік сарапшылар мен белсенді тұрғындар қатысты. Алматының көлік реформасын жүзеге асыру бойынша түрлі ой-пікірлер, ұсыныстар ортаға салынды. Форум барысында Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жиналған қауымға белсенділігі үшін өз ризашылығын білдіріп, қалада көлік реформасы аясында атқарылып жатқан шаралар жайында айтып берді:

«Бүгінде Алматы шұғыл және түбегейлі өзгерістерді талап ететін сын-тегеуріндерде тап болды. Мысалы: халықтың қарқынды өсуі көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық көлік жетіспеушілігіне алып келеді. Біздің қала салауатты және бақытты тұрғындар басты рөл атқаратын бірқатар маңызды басымдықтарды анықтады. Осы ретте айта кетерлігі, бірнеше апта бұрын Алматы Люблянада өткен халықаралық форумда кешенді көлік реформасы үшін Шығыс Еуропа қалалары арасында бірінші орын алды. 2-3 жыл бұрын ғана біз бұл өзгерістерді жоспарлау сатысында едік, ал енді белгілі бір қорытынды шығаруға болады.

Ерлан Әукенов қала адамдарға бағдарланған болуы тиіс екендігін атап өтті. Ол үшін қоғамдық көлік пен велосипед инфрақұрылымының сапасы артып, жаяу жүргіншілер ортасы дамытылуда, жолдар желісі босатылып жатыр. Орнықты даму үшін халықаралық тәжірибе зерделеніп, көптеген шетелдік кеңесшілермен жұмыс жүргізілуде.

«Қалада көптеген өзгерістер болды: Алматы-1 вокзалын қайта жөндеу жобасы аяқталды, қоғамдық қауіпсіздікке үлкен көңіл бөлінуде, аулалар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері сияқты қоғамдық кеңістіктер белсенді түрде қайта жаңартылуда. Қазіргі уақытта БРТ-ның екінші кезегін жобалау жүріп жатыр, бұл жолаушылар ағынын арттыруға мүмкіндік береді. Біз қосымша метрополитеннің тағы 2 бекетінің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Желіге Наурызбай ауданы қосылады, бұл да метродағы жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мыңнан 86 -100 мыңға дейін арттырады. Сондай-ақ біз автопарктердің жылжымалы құрамын ауыстырудамыз, жаңарту 86% дейін жетеді, 730 автобус сатып алынады. Қазір автопарк газбен жүретін экологиялық автобустармен жартылай толықтырылған, бір ай бұрын электробустар өндірісі іске қосылды. Айта кету керек, алғаш рет Қазақстанда каршеринг іске қосылды, ондағы автопаркте 100 автокөлік бар, төлем минутына есептеледі. Бұл шаралардың барлығы экология, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және туристер үшін тартымды қала құруға бағытталған».

Сонымен қатар форумға британдық сарапшылар – Манчестерде көлік қызметін үйлестірумен айналысатын Transport for Greater Manchester ұйымының өкілдері Никола Кейн және Мартин Лакс қатысты. Құрметті меймандар Манчестер агломерациясы үшін 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді көлік стратегиясын әзірлеу және жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті.

«Манчестер мен Алматының көлік жүйелерінде ұқсас тұстар көп. Көлік жүйесін дамыту стратегиясы әзірленді және біз Манчестер әлемдегі ең үздік қала атануы үшін бәрін жасап жатырмыз. Біз үшін көліктің сенімді, қауіпсіз және экологиялық болғаны маңызды, әрбір азамат, оның көліктің кез келген түрімен және кез келген қашықтыққа: үлкен және кіші сапарлары маңызды. Алматы тұрғындары да халық пен жол трафигінің қарқынды өсуіне қарамастан көліктің кез келген түрін таңдауға құқылы болуы тиіс. Бүгін ұйымдастырылған диалог алаңы өте маңызды. Біз осылай тұрғындармен тілдесіп, олардың пікірін ескереміз», - деп атап өтті Манчестер қаласы Көлік мәселелері жөніндегі мемлекеттік ұйымдағы Стратегиялық жоспарлау және зерттеулер басқармасының басшысы Никола Кейн.

Форумның екінші бөлімі тұрғындарды қаланың көлік стратегиясын талқылау үдерісіне белсенді тартумен ерекшеленді. Осы мақсатта интерактивті воркошоп ұйымдастырылды, оның барысында тұрғындар Алматы қаласының көлік реформасына қатысты оң және теріс көзқарастарын білдірді. Барлық пікірлер талданып, тиісті ұйымдарға жіберілді.

Сонымен қатар тұрғындар ұнамды көлік түрлерін атап, қаладағы көлік жүйесін дамытуға қатысты өз үлгілерін ұсынды. Форумға қатысушылардың көпшілігі қоғамдық көлікті дамыту және жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және жол қозғалысының басқа да қатысушылары үшін қолайлы және қауіпсіз жағдай жасаудың маңыздылығын түсінетіндігін жеткізді.

Шараны Британдық Кеңес, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ, Қазақ-Британ техникалық университеті және Алматы қаласының әкімдігі Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «БізАлматы» жобасы аясында ұйымдастырды.

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.