• eng
  • қаз
  • рус

Халықты жұмыспен қамту орталығының ашылуы, кітапханаларды жаңғырту, жаңа балалар және воркаут алаңдары: Алматының Алмалы ауданы қалай дамуда

Алматы қаласының Алмалы ауданында 30 қыркүйекте Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаевтың қатысуымен Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз-туры және баспасөз конференциясы өтті.

Ауданда жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері бойынша «Almaly» халыққа қызмет көрсету орталығының ашылуы өтті.

«Бұл нысан мемлекеттің коммуналдық меншігінде болды. Алғашында "Бақытты отбасы" орталығын ашу жоспарланған болатын, бірақ бізде бір орталық бар. Президенттің бизнеске, халықты жұмыспен қамтуға көмек көрсету және қолдау туралы тапсырмаларын іске асыру аясында аталған орталықты ашу туралы шешім қабылданды», — деп атап өтті Алмалы ауданының әкімі.

«Almaly» орталығында келесі ұйымдардың өкілдері қызмет атқарады:
- Халыққа қызмет көрсету орталығы;
- Almaty Finance;
- «Qoldaỳ» кәсіпкерлік орталығы»;
- «Атамекен» ҰКП;
- «Бақытты отбасы» аудандық орталығы.

Сонымен қатар, орталықта басқа аудандардың тұрғындары да қызмет ала алатыны аталып өтті.

Одан әрі, баспасөз турының қатысушылары үшін «Іскер Ана» тігін цехының әлеуметтік нысанының таныстырылымы ұйымдастырылды. Цехтың ашылу мақсаты-әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, ауданның көп балалы және аз қамтылған отбасыларын жұмысқа орналастыру.

«Мұнда аналар өз өнімдерін сатуды, бизнес негіздерін үйренеді. Барлық аналар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан, — деп атап өтті "Бақытты отбасы" жобасының үйлестірушісі Жұлдыз Бекжанова. — Біз аз қамтылған отбасылар арасында 3 мың маска тігіп, тараттық. Тапсырыстар негізінен жеке тұлғалардан келеді».

Пресс-тур қатысушылары жаңартылған № 33 балалар кітапханасының филиалын аралады. Кітапхананың кітап қорында 27 644 дана кітап бар. Жаңғыртудан кейін кітапханада балаларға арналған әдеби үйірме, жаңадан бастаушыларға арналған ағылшын тілі курстары, сурет салу үйірмесі тегін жұмыс істейді.

Сондай-ақ, баспасөз туры барысында қатысушылар инфрақұрылым нысандарымен, атап айтқанда, «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысандармен танысты. Осындай нысандардың ішінде қатысушылар абаттандырылған Прокофьев (Төле би көшесінің бұрышынан Брюллов көшесіне дейін) жаяу жүргіншілер көшесін аралады. Осы аумақта 9 494 шаршы метрге көгалдандыру жүргізіліп, 120 ағаш отырғызылды. Жарықтандыру жүргізіліп, 2 балалар ойын кешені, workout аймағы, көше тренажерлері бар алаң, 2 шахмат үстелі, 2 теннис үстелі, 47 орындық пен урна жиынтығы орнатылды.

Бұдан әрі 192 аула аумағын күрделі жөндеу жобасы таныстырылды. Абаттандырылған аумақтың жалпы ауданы 58,5 га құрайды, жарықтандыруды жаңғырту жүргізілді, 1 252 дана сыртқы жарықтандыру тіректері, 2054 дана шам орнатылды.

Аудан әкімі тұрғындар тарапынан жасалатын өтініштердің 60%-дан астамы аула аумақтарын абаттандыру мәселелеріне қатысты екенін атап өтті. «Аула аумақтарын дамыту-қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмаларының бірі. Біздің басты міндетіміз – қала тұрғындарының сапалы өмір сүруіне жағдай жасау», — деп атап өтті аудан әкімі.

Аула аумақтары балалар және спорт алаңдарымен жарақтандырылатын болады. 219 балалар алаңы, 158 workout алаңы мен көше тренажерлері, 7 футбол алаңы, 36 баскетбол және стритбол алаңы орнатылады.

Сондай-ақ Гагарин көшесінің бойындағы желекжолдың Төле би көшесінен Абай даңғылына дейінгі абаттандырылған аумағын аралады. Аталған аумақта балалар ойын кешені, workout аймағы, көше тренажерлері бар алаң, бокспен айналысатын алаң, модульдік душ және модульдік дәретхана орнатылған. Сонымен қатар, балалардың екі ойын кешеніне, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған тренажерлары бар алаңға, 85 орындық пен урна жиынтығына қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі 

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.