• eng
  • қаз
  • рус

Әр ауданға 800 млн: Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныстар қабылдануда

Спорт алаңдарын, балалар ойнайтын аймақ пен қала саябақтарын абаттандыру. Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасының бірінші кезеңі аясында осындай 55 аумақ жасалды. Барлық нысандар қала тұрғандарының қалауымен салынған.

Былтыр пилоттық жоба ретінде енгізілген бастама тұрғындар тарапынан бірден қолдау тапқан. Себебі қандай нысанның салынатынын халық өзі шешті. «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы былтыр алматылықтардың өтінішімен құны 1 млрд 400 млн теңге тұратын 55 жоба жүзеге асқан. Соның бірі – Розыбакиев көшесінің бойындағы шағын саябақ.

«Бұл жердің тұрғындары өте белсенді екен. «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім түсірген. Құрылыс басталғаннан аяқталғанға дейін осында болды. Барлығын қадағалап, өз ұсыныстарын да айтып жүрді. Кезінде мұнда мейрамхана тұрған екен. Кейін ол жабылып, аумақ үйсіздер мекеніне айналған. Осы маңдағы азаматтар тез арада өтініш түсіріп, мынадай саябаққа ие болды», – деді мердігер компания директорының орынбасары Анна Большинская.

Құрылыс жұмыстары 3 айда аяқталды. Мұндағы жарық бағаналары, орындықтар және ойын алаңындағы жабдықтар өз елімізде жасалған. Жобаның эскизін тұрғындар ұсынаса, оны ары қарай жүзеге асыру мердігердің мойнында. Жергілкті тұрғын Юлия Угрюмова жобаға қатыспағандықтан, не салынатынын бастапқыда білмедім дейді.

«Құрылыс жұмыстары жүргізіледі деген билброд ілгенде біз үлкен ғимарат тұрғызылады екен деп ойладық. Кейін спорт алаңы салына бастағанда қуандық. Біз осы маңда тұрамыз. Кешкі уақытта бұл жерде серуендеген тамаша. Қалада осындай орындар көбейсе екен дейміз», – деді қала тұрғыны Юлия Угрюмова.

Бұрында бұл жерде үйілген тастар мен шашылған қоқыстар жататын. Есентай өзенін жағалай жүрген адамға бұл ыңғайсыздық тудырған. Кейін тұрғындар «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша мұнда спорт алаңын немесе демалыс орнын салып беруді сұраған. Азаматтардың өтініші ескерусіз қалмады. Көп ұзамай мұнда скейт парк салынды. Қазір мұнда адам саны аз болғанымен, демалыс күндері аяқ алып жүру мүмкін емес. Сонымен қатар бұл жерде воркаут аймағы да қарастырылған. Яғни, спортпен айналысамын дейтіндерге де жағдай жасалыпты.

Жауаптылардың сөзінше, «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы азаматтар өздері қалағандай аула немесе спорт алаңын сала алады. Мұндай бастаманы өзге өңірлер де қолданысқа енгізіп жатқан көрінеді.

«Осы Алматы қаласында біз бастадық былтыр. Биылдан бастап келесі жылға бюджеттік процесс бойынша қазір бюджет ақшасы салынады. Сондықтан келесі жылдан бүкіл Қазақстан өңірлерінде осы жоба іске асырылып жатыр», – деді қалалық Стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов.

Былтыр әр ауданға 500 млн теңгеден бөлінсе, биылғы сома 800 млн-ға дейін өсті. Сондықтан тұрғындар белсенділік танытып, өз ұсыныстарын budget.open-almaty.kz сайтына жіберулеріне болады. Дауыс берушілер тарапынан қолдау тапса, онда қаржы бөлініп, халық жобасы қолға алынады.

Ақпарат көзі: Almaty.tv

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.