• eng
  • қаз
  • рус

Рекреациялық аймақтарды мониторингілеу, жастарды ағарту және заңсыз үйінділерді жою: Алматыда экологияны жақсарту бойынша қандай шаралар қабылдануда

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Данияр Әлімсейітов қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Алматы қаласы бойынша Экология департаменті жеке және заңды тұлғалардың атмосфералық ауаны, су мен топырақты қорғау бөлігінде ҚР экологиялық заңнамасын сақтау, сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру нормалары мен қағидаларын сақтау жөніндегі қызметіне мемлекеттік экологиялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асырады.

Алматы қаласы бойынша Экология департаменті 2020 жылдың басынан бері 35 тексеру жүргізді, оның ішінде 5 профилактикалық, 14 жоспардан тыс және басқа да нысандар бойынша — 16.

«Инспекциялық қызмет барысында 46 экологиялық бұзушылық анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 13 хаттама толтырылды. 3 млн теңгеден астам сомаға 11 айыппұл өндірілді», — деді Д. Әлімсейітов.

Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының және қоршаған ортаға эмиссияға рұқсаттың жоқтығы үшін белгіленген тәртіппен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына субъектілердің қызметін тоқтата тұру үшін 16 талап арыз жолданды, оның ішінде 7 өтініш қанағаттандырылды, қалған 9 өтініш қаралуда.

2020 жылдың қаңтарынан бері 819 сынама алынып, қоршаған ортаның 930 компонентіне талдау жасалды.

Департамент рұқсат етілмеген қалдық орындарының тұрақты ғарыштық мониторингін жүргізеді. 2020 жылғы шілдедегі жағдай бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары ҰК» АҚ геопорталының деректеріне сәйкес Алматы қаласы бойынша қалдықтарды орналастырудың 16 объектісі анықталды, олар қазіргі уақытта жойылды.

«Экология департаменті аудандық әкімдіктермен, полиция қызметімен, экобелсенділермен, жұртшылықпен және БАҚ-пен бірлесіп, қоқыспен ластанудың алдын алу, сондай-ақ демалыс орындарындағы адамдардың өздерін дұрыс ұстау мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында халықтың рекреациялық демалыс аймақтарында мониторинг жүргізеді», — деп атап өтті Д.Әлімсейітов.

Сонымен қатар департамент жыл басынан бері Алматы қаласының Жастар ресурстық орталығымен қала жастарын экологиялық ағартушылыққа бағытталған бірлескен шаралар атқарып келеді.

Атап өтетін жайт Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен және қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен бірлесе Қаланың экологиялық мәселелерін кешенді шешуге арналған жол картасының жобасын әзірледі.

Жол картасы келесідей бес бағыт бойынша әзірленді:

  • Жылу-электр қуатын өндіруде көмір отынын пайдаланатын мекемелердің шығарындыларын азайту;
  • Көмір отынын пайдаланатын жеке сектордың шығарындыларын азайту;
  • Ауа айналымын бұзатын тәуекелдерді жою;
  • Көгалдандыру;
  • Автокөлік шығарындыларын азайту.

Қазіргі уақытта №2 ЖЭО (жылуэлектр орталығы) қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша жаңғыртудың ТЭН (техникалық экономикалық негіздеме) әзірленуде. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

+7 775 952 49 00 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істейді, қала тұрғындары хабарласып, рұқсат етілмеген жерлерде қалдықтардың жиналуына, коммуналдық қалдықтардың уақтылы шығарылмауына шағым жолдай алады.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.