• eng
  • қаз
  • рус

Сағынтаев: проблемалық мәселелерді бірге шешеміз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы әкімінің есептік кездесуіне қатысты.

Аудан тұрғындарын алаңдататын басты мәселелер бұрынғысынша жолдың, коммуналдық желілердің жоқтығы, абаттандыру мен аумақты жасылдандыру. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков тұрғындарды газбен қамтудың 96%-ті құрайтынын айтты. Өткен жылы «Мәдениет» ықшамауданы мен «Энергостроитель», «Теплоэнергетик» саябақтарына 6,8 шақырым газ құбыры тартылды. 1 407 үйді газдандыру қажет, олардың 976-ы жеке үйлер, 431-і саяжай.

Су және кәріз желілерімен қамту тиісінше 79 және 68%-ті құрайды. «Ақбұлақ», «АЗТМ», «Алғабас» ықшамаудандарына жалпы ұзындығы 107 шақырым желілер тартылуда.

Аудан электр желісімен толық қамтылған. Дегенмен, 157 шақырым желі мен трансформаторлы қосалқы станциялар сот арқылы иесіз деп танылып, оның 143 шақырымы «Алатау Жарық» компаниясының балансына берілді. Осылайша аудан тұрғындары коммуналдық қызмет төлемін жалпықалалық тариф бойынша төлей алады.

Есептік кездесу барысында тілектер де айтылды. Мәселен, эколог Тимур Елеусізов скверлерді абаттандыру бойынша көмегін ұсынды, сонымен қатар бұзақылар жасыл желекке зақым келтіретіндіктен, бейнебақылау камераларын орнату қажет екенін атап өтті.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, барлық проблемалық мәселелердің жүйелі түрде шешілетінін хабарлады. Ол үшін таяу уақытта аудан әкімдері өз аумақтарын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспарын әзірлейтін болады.

«Мұндай инфрақұрылымды жақсартатын және ауданның басқа да мәселелерін шешетін «Жол карталары» сіздердің белсенді қатысуларыңыз арқылы әзірленеді. Қала бюджеті шеберлік-жоспарларына сәйкес жасалады әрі бөлінетін болады», - деді Б. Сағынтаев. Ол әкімдік жұмысында тұрғындардың пікірі басты назарға алынатынын атап өтті.

Кездесу аяқталған соң аудан тұрғыны Жұмағазы Есжановтың өтініші бойынша Алматы әкімі асфальты, сыртқы жарығы жоқ, арық жүйесі бұзылған Доспанов пен Сұхамбаев көшелерінің қиылысына барды. Мұндағы ағаштарды кесу қажет, өйткені олардың бұтақтары электр және байланыс желілеріне зиян келтіруі мүмкін. Бақытжан Сағынтаев тиісті басқарма басшыларына жұмыс жоспарына сай көрсетілген кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Айтар болсақ, өтініштерге жедел әрекет ету үшін Алатау ауданында Whatsapp мессенджерінде +7 700 300 20 97 нөмірі бойынша чат ашылған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.