• қаз
  • рус

Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Т. Әбілдаев МӘМС жайында: «Сақтандырылған адам көбірек медициналық қызмет алады»

21 қаңтарда Алматы қаласының өңірлік коммуникация қызметі №5 қалалық клиникалық емханада баспасөз турын өткізді. Бұдан кейін брифинг барысында БАҚ өкілдеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде азаматтардың қызмет алу процесі түсіндірілді.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Тұңғыш президент – Елбасы Н.Назарбаев бастамышылық еткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгені белгілі. Ол медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. 2019 жылғы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында үкіметке әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүзеге асыру мәселесіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

«2020 жылға арналған бюджетті жоспарлау қорда 2017 жылдан бастап жинақталған қаражатты, сондай-ақ жарналар мен аударымдардың болжамды түсімін есепке ала отырып жүргізілді. Нәтижесінде Алматы қаласы бойынша сатып алу жоспары 170 млрд теңге болып бекітілді, оның ішінде ТМККК – 104 млрд теңге, МӘМС – 65,9 млрд теңге. 2019 жылмен салыстырғанда өсім 42% құрады», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша медициналық қызмет көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында 271 медициналық ұйым бар. Оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру бойынша 147 медициналық ұйыммен 218 шарт жасалды.

Барлық медициналық қызметті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) немесе тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) арқылы алуға болады. Бұл қызметтерге қымбат ота жасау, тар бейінді мамандардың қабылдауы және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық қызмет түрлері жатады. МӘМС бұған дейін қолжетімсіз болған қызметтерді, мәселен КТ, МРТ, анализдердің бірқатар түрі т.б. алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бастапқы тегін медициналық көмек тізбесіне кірмейтін аурулар кезінде жоспарлы стационарлық көмек көрсетілетін болады.

Осы жылдың 31 наурызына дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі. МӘМС жүйесіне қосылмаған тұлғалар өздігінен тіркеле алады. Бүгінде мемлекеттің ақпараттық жүйесінде әлі өзектіленбеген республикамыздың бейресми жұмыспен қамтылған халық саны 3% құрайды. Оларға екі жолмен МӘМС қатысушысы болуға мүмкіндік беріледі. 2020 жылға МӘМС жүйесіне төлемдердің мынадай мөлшері белгіленген: дербес төлеушілер үшін – ең төменгі жалақының 5% төлеу. Бұл бүгінде айына 2 125 теңгені немесе жылына 25,5 мың теңгені құрайды.

Қалаларда тұратын бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеушілер үшін айына 1 АЕК немесе жылына 31 812 теңге, ауылдық жерлерде - 0,5 АЕК немесе жылына 15 912 теңге.

Бүгінде МӘМС жүйесіне төлем жасау «Қазпошта» бөлімшелері, екінші деңгейлі 25 банк арқылы, оның ішінде интернет-банкингтің барлық порталдары, Халық банкінің өзіне-өзі қызмет көрсету филиалдары арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады. Медициналық ұйымға барар алдында азаматтар өздерінің сақтандыру мәртебесін телеграмм-бот арқылы, e-gov порталында немесе министрліктің және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында сілтемеден өтіп алдын ала анықтай алады.

«Сақтандырылған адам көбірек медициналық қызмет алады. МӘМС аясында азаматтар ТМККК қоржынына енгізілмеген медициналық қызмет түрлерін ала алады», - деп түйіндеді Тілеухан Әбілдаев.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.