• қаз
  • рус

Уақыт өзгеруіне байланысты 2024 жылғы 29 ақпан мен 1 наурыз аралығында портал жұмысында қысқа мерзімді үзілістер болуы мүмкін.

Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.

Жетісу ауданының тұрғындарын не толғандырады

Аудан тұрғындары көшелер мен аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және әлеуметтік нысандарды салу мәселелерінің шешілуін күтуде. Бұл туралы Алматы әкімі қатысқан есептік кездесу барысында белгілі болды.

Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов баяндағандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша аудан тыныс-тіршілігінің негізгі салаларында оң динамика қалыптасқан. Өндіріс көлемі 941 өнеркәсіп кәсіпорны есебінен құрылуда, олардың 37-і ірі және орта өндіріс кәсіпорны және 904-і шағын.

Аудан өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша бірінші орында, яғни 23%-і құрайды. Мысалы, 2019 жылы ол 4,7% өсіммен 216,7 млрд теңгеге жетті.

Сонымен қатар аудан бөлшек сауда көлемі бойынша бірінші орында тұр, мұндағы жалпы сома 800,2 млрд теңге.

Аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – қоғамдық көлік жұмысы. Тұрғындардың өтініші бойынша № 17, 56 және 123 бағыттардың сызбаларына өзгеріс енгізілді. № 46-шы бағыттың сызбасы өзгерді. Өткен жылғы 18 қыркүйектен бастап Айнабұлақ-2 ықшамауданына қоғамдық көлік қызметін көрсету үшін №56 бағыттың сызбасы Көкмайса ықшамауданының соңғы аялдамасынан Айнабұлақ-2 ықшамауданына дейін ұзарды.

Өткен жылғы тамызда Алматы әкімімен кездесу кезінде тұрғындар айтқан өтініштер бойынша жаңа №208 автобус бағыты құрылды, ол Кемел ықшамауданынан шығып, метроның «Райымбек батыр» бекетіне дейін барады және Көкжиек ықшамауданын да қамтиды, бағытты 2020 жылғы ақпанда іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар 2019 жылы 13 бағыт бойынша 220 ескі автобус жаңарды. Жаңа үлгідегі 11 аялдама орнатылды. Биыл 30-дан астам аялдама кешенін орнату жоспарланған.

Бүгінгі күні ауданның 61 көшесі орталықтандырылған су жүйесінен тыс қалуда. Бұл мәселені таяудағы 3 жыл ішінде шешу жоспарланған.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша Көкжиек ықшамауданы мен Есенов көшесі 154/4 мекенжайында полицияның 2 учаскелік пункті ашылды. Полицияның 4 модульді бекеті жұмыс жасауда, соның арқасында азаматтардың өтініштері дер кезінде қаралып, алдын алу жұмыстарының тиімділігі мен қылмысты ашу артуда.

Жиі көтерілетін мәселелердің бірі – жарықтандыру. Өткен жылы 56 көшеге бір жарым мың LED-шамы орнатылды. Бұл көшелердің жарықтану көрсеткішін 88%-ке дейін жеткізді. Биыл ауданды 100% жарықтандыру жоспарланған.

2019 жылғы тамыз бен қараша аралығында 100 ауланы абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, Workout-алаңдарға инвентарь, сыртқы жарықтың 564 бағанасы орнатылды және 20 футбол мен баскетбол алаңы салынды. 2020 жылы барлық аулаларды абаттандыру толық аяқталады.

Биыл аудандағы Кемел ықшамауданында күніне 200 адамды қабылдауға болатын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар №11 емхананы сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеудің, Жұмысшы кентінде 240 адамды қабылдауға болатын емхана құрылысын және 50 адам келетін әйелдер консультациясын, Айнабұлақ-4 ықшамауданында 160 орындық балабақша, №43 мектеп жанынан спорт зал мен асхана салудың, № 80, 129 мектептерді сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеудің ЖСҚ әзірленуде.

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша биылғы наурыздың соңына дейін Жетісу ауданын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспары әзірленеді. 15 ақпаннан бастап оны жұртшылық талқылауына ұсыну және қоғамдық тыңдау өткізу жоспарланған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімінің қоғаммен байланыс қызметі

Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.