• eng
  • қаз
  • рус

Келісімшарт бойынша әскери қызмет

Қазақстанда әскери қыметтің екі түрі бар: міндетті түрде қызметке шақыру бойынша және ерікті түрде келісімшарт бойынша қызмет. Бүгінгі таңда ҚР Қарулы күштері негізгі назарды кәсіби әскер қалыптастыруға аударады және осыған байланысты, келісімшарт бойынша әскери қызметті дамыту – айрықша маңызға ие болуда. Келісімшарт бойынша қызмет ету туралы шешімге еріктілер саналы және қажетті жауапкершілікпен қарайды,  бұл – сапалық деңгейді және  әскердің беделін арттырады.

1

Келісімшарт бойынша әскери қызметке кім кіре алады?

Келісімшарттық қызметке әр адам үміткер бола алмайды. Сіз ерікті түрде әскери қызметке үміткер ретінде келесідей шарттарға сәйкес болуыңыз қажет:

  1. сіз Қазақстан Республикасының азаматы болуыңыз керек;
  2. жасыңыз 19-дан төмен емес (әскери орындардың курсанттарына қатысты емес) және әскери атағына байланысты әскери қызмет жағдайында  шекті  жасынан төмен 5 жас үлкен емес болса;
  3. сізде әскери лауазымға сәйкес келетін әскери-есептік мамандық болса;
  4. сіз мерзімді әскери қызметтен өткен болсаңыз немесе жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқыған болсаңыз, я  болмаса әйелдерді қоспағанда, әскери-оқыту қорын дайындау бойынша Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери даярлықтан өткен болсаңыз.
2

Әскери қызметтегі әскери қызметкерлердің шекті жасы

  1. Әскери  қызметтегі сарбаздар мен кіші сержанттар құрамы үшін - 45 жас.
  2. Әскери қызметтегі аға сержанттар құрамы және подполковникке (екінші дәрежелі капитанға) дейінгі офицерлер құрамы үшін - 47 жасты қоса алғанда.
  3. Әскери қызметтегі жоғары сержанттар құрамы және полковниктер (бірінші дәрежелі капитандар) үшін - 55 жас.
  4. Генерал-майорлар (контр-адмиралдар), генерал-лейтенанттар (вице-адмиралдар) үшін - 60 жас.
  5. Генерал-полковниктер, адмиралдар және армия генералдары үшін - 63 жас.

Шекті жасқа жеткен әскери қызметшілер әскери қызметтен өтудің белгіленген ережелері тәртібімен запасқа немесе отставкаға шығарылады.

Оқытушылық, ғылыми қызметті жүзеге асыратын және магистр академиялық дәрежесі, ғылыми дәрежелері немесе атақтары бар шекті жасқа толған әскери қызметкерлерге уәкілетті органдардың басшылары олардың баянаттары бойынша олармен келісімшарт жасасу жолымен әскери қызмет мерзімін 5 жылға дейін ұзартады.

3

Сізге келісімшарт бойынша ерікті түрде әскери қызметке рұқсат етілген жағдайлардағы қосымша шарттар

  1. Егер сіз мерзімді әскери қызметтен өтпеген болсаңыз, ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарынан даярлықтан өткеннен кейін ғана келісімшарт бойынша қызметке үміткер  болу мүмкіндігіне ие боласыз. ҚР Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында даярлықтан өту мәселелері бойынша сізге тіркелген жеріңіз бойынша Алматы қ. аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасына жүгіну қажет.
  2. Егер сіз әскери қызметтен жағымсыз себептер бойынша шығарылған болсаңыз, 3 жыл өткеннен кейін келісімшарт бойынша сіз әскери қызметке кіре аласыз. 2012 жылдың 6 наурызына дейін жағымсыз себептер бойынша жұмыстан шығарылғандар үшін бұл мерзім 1жылға дейін қысқартылған.
  3. Егер прокуратура, ішкі істер органдары, қаржы полициясы, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, кеден органдары және арнаулы мемлекеттік органдар - ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, ҚР Президентінің Күзет қызметі – ҚР құқық қорғау органдары мекемелерінде күндізгі оқудан өткен болсаңыз, сіз келісімшарттық қызметке кіре аласыз. Аталған оқу орындарында оқу уақыты мерзімді қызмет өткерумен теңестіріледі.
4

Келісімшарт бойынша әскери қызметке қалай кіруге болады?

Егер сіз келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниетті болсаңыз, сізге Алматы қ. аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасына өтінішпен жүгіну керек.

Өтініште келесілерді көрсету қажет:

  1. тегі, аты, әкесінің аты, туылған күні, айы және жылы, тұратын жері;
  2. келісімшарт жасағыңыз келетін уәкілетті органның, әскери бөлімнің (мемлекеттік мекеменің) атауы;
  3. келісімшарт жасау болжанған мерзім.

Өтінішке келесі құжаттарды ұсыну қажет:

  1. белгіленген үлгідегі бланкте сауалнамалық деректер;
  2. өз қолымен жазылған өмірбаян;
  3. жеке басын және ҚР азаматтығын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі;
  4. білімі туралы құжаттардың көшірмелері (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайда, нотариалдық жолмен куәландырылған);
  5. бар болған жағдайда – еңбек кітапшасының көшірмесі;
  6. соттылығының болмауы туралы анықтама. Соттылықтың болмауы туралы анықтаманы қалай алуға болатынын мына жерден көруге болады (ЖС «Соттылығының жоқтығы туралы анықтама»);
  7. салық органымен табысы туралы декларацияның қабылдануы туралы анықтама;
  8. соңғы қызмет (жұмыс немесе оқу) орнынан мінездеме;
  9. әйелдерді қоспағанда, Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған білім беру ұйымында әскери даярлықтан өткендігін растайтын құжат – бұрын әскери қызметтен өтпеген, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында оқымаған тұлғалар үшін.

Әрі қарай не істеу керек?

Жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес болған жағдайда, сіз алдын ала және түпкілікті медициналық куәландырудан өтесіз.

Егер әскери қызмет өткеру кезінде мемлекеттік құпиялармен жұмыс жасау  көзделген болса, мемлекеттік құпияларға рұқсатнама беруге арнайы тексеру жүргізу қарастырылады.

Содан кейін құжаттар іріктеу комиссиясының қарауына әскери бөлімге жіберіледі, мұнда сіздің біліміңіздің әскери-есептік лауазымға сәйкестігі, дене дайындығы, лауазымды иемдену үшін кәсіби жарамдылығы (кәсіби және психологиялық іріктеу деректері негізінде) тексеріледі.

5

Егер сіз қазіргі уақытта шақыру бойынша міндетті әскери қызметтен өтіп жатқан болсаңыз

Егер шақыру бойынша міндетті әскери қызметтен өтіп жатқан болсаңыз, сіз келісімшарт бойынша әскери қызметке кіре аласыз.

Ол үшін сіз келесілерді жасауыңыз қажет:

1. Әскери бөлім командиріне немесе қызмет өткеру орны бойынша мемлекеттік мекеменің басшысына баянат беру.

*Егер сіз офицерлер құрамының әскери қызметкері болсаңыз – шақырру  бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін бір ай бұрын баянатты беру керек.

Шақыру бойынша әскери қызметтен өтіп жатқан әскери қызметкердің және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдіргендердің баянаты тіркеледі және әскери бөлімнің командирімен (мемлекеттік мекеменің басшысымен) қарауға қабылданады.

Әскери бөлімнің командирі (мемлекеттік мекеменің басшысы) сіздің баянатыңызды қарап, 10 жұмыс күн ішінде ол бойынша шешім қабылдауы тиіс. 

2. Келесілерден өту қажет:

  • медициналық куәландыру;
  • кәсіби және психологиялық іріктеу;
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті белгілеген тәртіппен арнайы тексеру;
  • егер қызмет өткеру ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарындағы лауазыммен, сондай-ақ қару-жарақ және оқ-дәрілер арсеналдарында, базаларында және қоймаларында қару-жарақ және оқ-дәрілер сақтаумен байланысты болған жағдайда, психикалық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер;
  • білім деңгейінің, кәсіби және дене даярлығының келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерге арналған белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру;
  • мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс жасау қарастырылған лауазымға сіздің кандидатураңыз қаралған жағдайда, мемлекеттік құпияларға рұқсатнама беруді тексеру.

Келісімшарт бойынша сізді әскери қызметке қабылдау туралы шешім сізге қол қойылуымен жеткізіледі.

6

Келісімшарт жасау

Ерікті түрде әскери қызметтен өту сіз бен әскери бөлімнің арасында өзара міндеттемелер мен жауапкершілікті белгілейтін келісімшарт жасасуды көздейді.

Келісімшарт келесідей тармақтарды қамтуы тиіс:

  1. тараптардың деректемелері;
  2. уәкілетті мемлекеттік органның атауы, оның орналасқан жері;
  3. уәкілетті мемлекеттік органның лауазымды тұлғасының атағы, тегі, есімі, әкесінің аты және лауазымы;
  4. келісімшарт бойынша әскери қызметке  кіретін тұлғаның  тегі, есімі, әкесінің аты, оның  жеке басын куәландыратын құжатының атауы, нөмірі және берілген күні;
  5. әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан тұлға иемденетін лауазымның (мамандықтың) атауы;
  6. келісімшарттың мерзімі;
  7. қызметтік міндеттердің орындалуының басталу күні және лауазымға тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі;
  8. қызмет талаптарының сипаттамасы, әскери қызметкерге кепілдіктер мен өтемақылардың сипаты;
  9. жұмыс уақыты мен демалу тәртіптемесі;
  10. төлем жасау және еңбекті қорғау шарттары;
  11. тараптардың құқықтары мен міндеттері;
  12. келісімшартты өзгерту, бұзу және мерзімін ұзарту тәртібі;
  13. талаптармен танысу туралы белгі;
  14. тараптардың жауапкершілігі;
  15. тараптардың қолы, уәкілетті мемлекеттік органның мөрі.

Келісімшарт жазбаша түрде, екі данамен жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімшарттың бір данасы әскери қызметке келісімшарт бойынша қабылданушы тұлғаға беріледі. Әскери қызметкердің қызметтік міндеттерін орындауының басталуы – келісімшартта және әскери қызметкерді лауазымға тағайындау туралы бұйрықта көрсетілген күн болып саналады.

7

Келісімшарт бойынша қызмет мерзімі

Келісімшарт бойынша қызметтің келесідей мерзімдері болады:

  1. 3 жылға;
  2. 5 жылға;
  3. әскери қызметте шекті жасқа жеткенге дейін 10 жылға немесе әскери оқу орнында оқу мерзіміне.

Бірінші келісімшарт үш жылға жасалады және осы мерзім өткеннен кейін сіздің қалауыңыз бойынша жоғарыда аталған мерзімге ұзартылуы мүмкін.

8

Келісімшарт бойынша әскери қызметке кім қабылданбайды?

  1. Сотпен қабілеті жоқ немесе қабілеті шектеулі деп танылған тұлғалар.
  2. Әскери-дәрігерлік комиссия қорытындысына сәйкес әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтіретін ауруы бар тұлғалар.
  3. Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленген шектеулерден бас тартқан тұлғалар.
  4. Бұрын сотталған және ақтап шығу негізінсіз қылмыстық жауапкершіліктен босағандар, я болмаса өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған тұлғалар.
  5. Әскери қызметке қабылданар алдында 2 жыл ішінде сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған  тұлғалар.
  6. Әскери қызметке қабылданар алдында 3 жыл ішінде қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза жүктелген тұлғалар.
0
Голосов пока нет
Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.