• eng
  • қаз
  • рус

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы нені білу керек?

Кейде өзін саумын деп санайтын адамның өзі медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болады. Сондықтан мемлекет кезең-кезеңмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (бұдан әрі – МӘМС) енгізуде. Біз осы мақалада жүйенің қалай жұмыс істейтінін, қалай оның қатысушысы болуға болатынын, бұл жүйе қандай қызмет түрлерін ұсынатынын және ол қандай тәртіпте енгізілетінін баяндаймыз. 

1

МӘМС қалай жұмыс істейді?

МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек көрсету Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (бұдан әрі – Қор) активтері есебінен жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет Қорға халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы үшін жарна төлейді, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, ал қызметкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Осылайша, жарнаны барлығы төлейді және әрбіреуі өзінің жауапты аймағына жауап береді: мемлекет - денсаулық сақтау жүйесінің дамуына және халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына қолдау көрсетуге, жұмыс берушілер - қызметкерлердің еңбек жағдайына, азаматтар - өз денсаулық жағдайына және аурулардың алдын алуға. Осыдан мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасында МӘМС жүйесінің ынтымақты жауапкершілік принципі шығады.

2

Кім МӘМС жүйесінің қатысушысы болып табылады?

Қазақстанның барлық азаматтары, оралмандар, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары және олардың отбасы мүшелері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылады.

Жүйенің әрбір қатысушысы жарнаның сомасына қарамастан қажетті көлемдегі медициналық және дәрі-дәрмек көмегін ала алады, міндетті медициналық сақтандыру пакеті барлығына бірдей.

3

Қорға кім және қанша төлейді?

2017 жылғы 1 шілдеден бастап Қорға аударымдар мен жарналарды жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет, жалдамалы жұмыскерлер және белсенді емес халық төлейтін болады.

Жұмыс берушілер жұмыскерлерге:

2017 жылғы 1 шілдеден бастап әр жұмыскер табысының 1%;

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 1,5%;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 2%;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жұмыскер табысының 3% төлейді.

Мысалы, егер 2018 жылы орташа еңбекақы 152 106 теңгені құраса, демек 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс беруші Қорға ай сайын 2 281,6 теңге немесе өз қаражаты есебінен сол соманың 1,5%-ын аударады.

Бұл ретте жұмыс беруші халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын қызметкерлер, сондай-ақ әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін төлем жасаудан босатылады.

Жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін 2017 жылғы 1 шілдеден бастап екі ең төменгі жалақы мөлшерінің 5% (ЕТЖ) төлейді. 2017 жылы ЕТЖ мөлшері - 24 459 теңге, демек 1 қаңтардан бастап ЖК жарналары - 2 445,9 теңге.

Жалдамалы жұмыскерлер:

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстың 1%;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстың 2% төлейді.

Мысалы, егер жұмыскердің табысы 100 000 теңгені құраса, онда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыскердің Қорға төлейтін жарна мөлшері - 1000 теңге. Қорға жұмыскерлер үшін жарнаны ай сайынғы негізде жұмыс берушілер аударады.

Белсенді емес халық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі бір жалақы мөлшерінің (ЕТЖ) 5% төлейді. Шетелге кеткен азаматтар да осы мөлшерлеме бойынша төлеуі тиіс.

Жарнаны банктер және «Қазпошта» АҚ арқылы төлеуге болады.

4

Мен жарналарды мемлкет төлейтін адамдардың санатына кіремін бе?

Ия, егер келесі 14 санаттың біреуіне жататын болсаңыз:

  1. балалар;
  2. жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
  3. жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  4. үш жасқа дейін бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
  5. баланың туылуына байланысты демалыста жүрген, жаңа туған баланы асырап алған (қыз асырап алуға),үш жасқа толғанға дейін балалардың күтімінде жүрген адамдар;
  6. мүгедек-баланың күтімінде жүрген жұмыс істемейтін адамдар;
  7. зейнетақы төлемдерін алатын, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер;
  8. қылмыстық-атқарушы (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (төменгі қауіпсіздік мекемелерінен басқа) сот үкімі бойынша жазасын өтеуші адамдар;
  9. тергеу изоляторында ұсталған адамдар;
  10. жұмыс істемейтін оралмандар;
  11. «Алтын алқа», «Күмісалқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр-ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
  12. мүгедектер;
  13. орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан адамдар;
  14. орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімді күндізгі оқу нысаны бойынша аяқтаған адамдар.
5

МӘМС жүйесі аясында мен қандай қызметтерді ала аламын?

МӘМС қызметтер пакетіне амбулаториялық медициналық қызметтер, алғашқы көмек, кеңестер, стационарлық емдеу, ауруханаға жатқызу, хирургия, зертханалық қызметтер, рецептілік дәрі-дәрмектер кіреді. МӘМС қызметтері мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету пакетінің толық тізімі кейінірек үкіметтің тиісті қаулыларымен анықталатын болады.

2020 жылдың 1 қаңтарына дейін өтпелі кезең белгіленген, оның барысында емханаға барған жағдайда және сақтандыру болмаған жағдайда сіз тексеріліп, емханалық-амбулаториялық, стационарлық шұғыл көмек ала аласыз. Бірақ тегін жоспарлы стационарлық көмек сіз үшін қолжетімсіз болады, ол тек МӘМС жүйесінің қатысушыларына ғана көрсетіледі.

МӘМС қатысушы-емделушілерге әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін, көрсетілген қызметтер үшін төлемді медициналық ұйым тікелей Қордан алады. Азаматтың оған көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына көңілі толмаса, ол туралы тікелей Қорға хабарлай алады.

Сіз МӘМС бойынша медициналық қызметтерді Қорға соңғы жарнаны салған күннен бастап 3 ай ішінде ала алатыныңызды білу маңызды. Бұл мерзім өткеннен кейін жүйеге қайта оралу үшін сіз қалып қойған кезең үшін жарна төлеуіңіз қажет, бірақ 12 айдан аспауы тиіс.

6

МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін не істеу керек?

Біріншіден, тұратын жеріңіз бойынша ең ыңғайлы емханаға тіркеліңіз. Мұны:

емханада, еркін нысандағы өтініш жазу және жеке басын куәландыратын құжатты көрсету арқылы;

egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы:

www.egov.kz авторизациядан өтіңіз немесе тіркеліңіз;

«Денсаулық сақтау» бөлімін таңдаңыз;

«Медициналық көмек» қосымшасында «Алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қыцзметіне шертіңіз;

бұдан әрі «қызметке онлайн түрде тапсырыс беруге» басыңыз, электрондық нысан жолдарын толтырып және сауал жолдау арқылы жүзеге асыра аласыз.

Электрондық цифрлық қолтаңба талап етілмейді.

Қызмет көрсету мерзімі: 1 жұмыс күн.

Соңғы нәтижесі: сауалға берілген жауап және тіркелгеніңіз туралы мәліметтер сіздің egov.kz жеке кабинетіңізде.

Тіркелу рәсімі кезінде МӘМС аясында сіз халықтың қай санатына жататыныңызды анықтап алуыңыз қажет: жеңілдік берілген санаттар, жұмыскер, жеке кәсіпкер немесе белсенді емес халық өкілі. Сақтандыру бойынша төлемдердің тәртібі мен мөлшері осыған байланысты. Өз мәртебеңізді (сақтандырылған немесе сақтандырылмаған) ЖСН бойынша электрондық үкімет порталында немесе емханада тексере аласыз.

Емханаға тіркеліп, МӘМС қатысушысы екеніңізге көзіңіз жеткеннен кейін, сіз ем тағайындап, қажетті дәрі-дәрмектерді жазып беретін терапевтке қаралуыңызға болады.

0
Голосов пока нет
Сайтта қате таптыңыз ба? Сөзді немесе сөйлемді бөлектеңіз және CTRL+ENTER батырмаларын басыңыз
Егер сіз осы мәтін үзіндісінен қате тапсаңыз
қателерді түзету үшін «жөнелту» батырманы басыңыз. Сонымен қатар өз түсіндірмелеріңізді қосуға болады.