«Адал еңбек» іс жүзінде: Алматы жастарына мансап мүмкіндіктері таныстырылды
Алматы қаласының күні қарсаңында қалада Career Time 2026 кәсіби бағдар беру фестивалі өтті. Іс-шара жастарды, жұмыс берушілерді, жоғары оқу орындары мен колледждерді біріктірді. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы хабарлады.
Фестивальдің тұжырымдамасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатымен үндеседі. Оның негізінде адал еңбектің, кәсібилік пен жеке жауапкершіліктің құндылығы жатыр. Мемлекет басшысы еңбек пен кәсіби дағдылардың беделін арттыру қажеттігін бірнеше рет атап өткен.
Жастарды қолдау Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Қалада білім беру, жұмыспен қамту, кәсіби даму және NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Қазіргі таңда Алматыда 770 мыңға жуық жас тұрады, олардың шамамен 473 мыңы жұмыспен қамтылған. Осыған байланысты жұмыспен қамту және мамандық таңдау мәселелері қаланың жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Career Time 2026 фестивалі 17 қыркүйекте ALT University алаңында өтті. Іс-шараға 25 жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында ҚТЖ, Air Astana, Beeline Қазақстан, Coca-Cola, Magnum, Қазпошта, Technodom, Kolesa Group, Glovo, Choco және HeadHunter.kz бар. Жобаға сондай-ақ 30 жоғары оқу орны мен колледж қосылды.
Фестиваль бағдарламасында жұмыс берушілермен кездесулер, кәсіби бағдар беру бойынша консультациялар, жұмыс іздеу жөніндегі шеберлік сабағы және білім беру, HR, IT және жастар саясаты салаларындағы сарапшылардың қатысуымен панельдік сессия өтті.
«Алматы жастарға білім алуға, кәсіби өсуге және өзін-өзі жүзеге асыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Біздің міндетіміз – жас адамға дайын жолды көрсету емес, оның өз жолын табуына жағдай жасау. Бүгінде білім алу ғана емес, оны іс жүзінде қолдана білу, үнемі даму, жауапкершілікті өз мойнына алу және адал еңбекпен нәтижеге жету маңызды», – деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Алматыдағы NEET санатындағы жастардың үлесі 5,7%-дан 4,9%-ға дейін төмендеді. Биыл Қалалық мансап орталығының қызметтерімен 5 мыңнан астам жас қамтылды, олардың шамамен 3 мыңы кәсіби консультациялар алды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.