Алматы ипподромы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды. Ипподром тарихи және спорттық мақсатын сақтай отырып, біртұтас нысан ретінде сақталады. Бұл туралы Алматы қаласының Спорт басқармасы хабарлады.

Жарияланған күні мен уақыты: «31-08-2026 09: 29»

Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында аталған аумақ тиісті функционалдық аймаққа бекітілген. Оны өзгерту көзделмеген. Жер учаскесінің ипподромды пайдалану және оған қызмет көрсету мақсатындағы нысаналы мақсаты да сақталады.

Келесі кезеңде кешенді дамыту тұжырымдамасы әзірленеді. Ипподромның спорттық функциясын қалпына келтіру, инфрақұрылымын жаңғырту, трибуналарды, ат қораларды, спорттық жолдарды және инженерлік желілерді жаңарту жоспарлануда.

Тұжырымдаманы әзірлеу барысында заманауи спорт инфрақұрылымына қойылатын талаптар ескерілетін болады. Нысан өзінің негізгі мақсатын сақтап, қалалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

Қазіргі уақытта кешеннің физикалық және моральдық тұрғыдан тозу деңгейі жоғары. Осыған байланысты оны қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Алматы ипподромы 1930 жылы құрылған және Қазақстан мен Орталық Азиядағы жылқы шаруашылығы мен ат спортының ең көне нысандарының бірі болып саналады. Оның аумағы 39,1 гектарды құрайды. Тарихи тұрғыдан ипподром шамамен 3 мың көрерменге арналған және 300-ге жуық жылқы ұстауға есептелген. Күрделі жөндеу жұмыстары 1965 және 1985 жылдары жүргізілген.

1990-жылдардағы жекешелендіру нәтижесінде ипподром мемлекеттік меншіктен шығарылды. Ал 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкротқа ұшырағаннан кейін мүліктік кешен жеке құрылымдарға сатылды. Ипподромды қаланың коммуналдық меншігіне қайтару мәселесі бұған дейін де қоғам тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын.

Ипподромның коммуналдық меншікке қайтарылуы оны кезең-кезеңімен қалпына келтіруге және нысанды Алматы қаласында ат спортының одан әрі дамуы үшін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Ипподромды қаланың коммуналдық меншігіне қайтару процесі ұзақ уақытқа созылып, тек биыл аяқталды.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар