Алматы әкімі Ерболат Досаев АҚШ-тың бизнес-миссия делегациясымен кездесті

Алматы әкімі Ерболат Досаев АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси мырза бастаған АҚШ бизнес-миссия делегациясымен кездесті. Chevron Corporation, Citibank, Global Data Risk, John Deere, Mayer Brown, Wolt, Medtronic, VISA және т.б. ірі халықаралық компания өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық және инновациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспектілері талқыланды.

Жарияланған күні мен уақыты: «08-10-2024 07: 18»

Қала басшысы азық-түлік өндірісі, цифрлық технология, қаржы қызметі, туризм және қызмет көрсету сынды көптеген саланы қамтитын АҚШ-пен стратегиялық серіктестіктің маңыздылығын атап өтті. 2024 жылы Алматы мен АҚШ арасындағы тауар айналымы шамамен 680 млн. АҚШ доллары болды. Қазір қалада америкалық капиталдың қатысуымен 343 кәсіпорын жұмыс істейді, бұл сауда байланысын одан әрі кеңейтуге септігін тигізеді.

Кездесуде талқыланған маңызды тақырыптың бірі қаланың инфрақұрылымы мен логистикалық мүмкіндіктерін дамыту, сондай-ақ Алматы мен Нью-Йорк арасындағы тікелей әуе рейстерін ашу арқылы елдер арасындағы экономикалық және мәдени байланысты нығайтудың маңыздылығы сөз болды.

Кездесу соңында Ерболат Досаев барлық қатысушыға алғыс білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі табысты дамитынына сенім білдірді.