Алматы әкімі Ерболат Досаев Қарғалы өзенінің жағалауын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Селден қорғау бөгетінен Жандосов көшесіне дейінгі ұзындығы 7,7 км учаске абаттандырылады және модернизацияланады.
Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева қала басшысына есеп берді, мұнда жоба бойынша жаяу жүргіншілер аймағын жайластыру, сыртқы жарықтандыру желілерін орнату, суару жүйесін салу, 6 көпір өткелі, балалар ойын және спорт алаңдары, көше жиһаздарын орнату қарастырылған. Сондай-ақ, 3 мың жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады. Барлық құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жобаның маңызды бөлігі балалар мен спорт алаңдары, жаяу жүргінші жолдары және өзен жағасында демалу мүмкіндігі бар жаңа қоғамдық кеңістік құру болып табылады. Балаларға арналған құмсалғыштар мен су аймақтары, сондай-ақ орындықтар мен үстелдер бар әрі ата-аналарға арналған демалыс аймақтарын құру жоспарлануда.
«Өзен арнасы тазартылады. Жалпы алаңы 3,7 мың шаршы метр болатын тротуар төсемі жасалады, тұрақ алаңы – 2 мың шаршы метрден астам, көгалдандыру-3,8 гектардан астам. Келушілердің жайлылығы үшін 135 орындық пен урна орнату жоспарлануда», - деп атап өтті Н. Тоғызбаева.
Ерболат Досаев модернизация кезінде сапалы құрылыс материалдарын пайдалану маңызды екенін атап өтті. Мегаполис әкімі әртүрлі ерекшеліктері мен қажеттіліктері бар балалардың қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін ойын алаңдарында инклюзивті элементтерді қарастыру қадап тұрып айтты.
Көпір жолдарын реконструкциялау кезінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің қауіпсіздігіне және қол жетімділікке ерекше мән беріледі. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 2,7 км суармалы су құбыры жасалады, іске асырылып жатқан жоба Қарғалы өзенінің жағалауын қала шегіндегі бірегей табиғи саябаққа айналдырады.
Реконструкцияланып жатқан учаскеге барған кезде қала басшысы бірқатар кемшіліктерге назар аударып, іргелес аумақты ретке келтіруді, қала тұрғындарының ыңғайлы өтуі үшін жаяу жүргіншілер жолдарын салуды, Қарғалы өзенінің арнасын зерттеуді аяқтауды, үйлердің нөмірленуін жүйелеуді тапсырды.
Мегаполис әкімі Ерболат Досаев айтылған ескертулерді назарға алуды, белгіленген кестеге сәйкес жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, Жетісу ауданында Есентай өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. Жағалаудың жалпы ұзындығы 1200 метрді құрайды. Реконструкциялау аясында өзен арнасы тазартылады, сондай-ақ серуендеу аймағы құрылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі