Алматы әкімі Ерболат Досаев сейсмикалық күшейту мен күрделі жөндеуден өткен мектепті көрді
Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Бостандық ауданы Көктем-1 шағын ауданындағы жөндеуден өткен №138 мектепті көріп шықты.
1989 жылы салынған ғимараттың конструкциясының сенімділігін техникалық тексеру нәтижесінде қала әкімі мектепті сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма берді.
Мердігерлік ұйымның жұмысы 2023 жылдың желтоқсанында басталып, биыл қазан айының соңында аяқталды. Реконструкция жобасында ғимараттың жүктемені көтеруші құрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Жобада қасбет пен шатырды жөндеу, инженерлік жүйелерді ауыстыру және ғимараттың ішкі әрлеуі қарастырылған.
Оқу орны биология, робототехника, информатика, химия пәндеріне арналған интерактивті тақталар мен планшеттермен жабдықталған кабинеттермен қамтылған. Сонымен қатар, заманауи стандарттарға сәйкес екі спорт және акт залы жабдықталған. Футбол алаңы мен спорт алаңы жаңартылды. Мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары мен бет-әлпетті тану мүмкіндігі бар турникеттер орнатылған. Мектепте 797 бала мемлекеттік тілде оқитын болады.
Ерболат Досаев білім басқармасының басшысы мен мектеп әкімшілігіне мектепті II тоқсанның басына дейін Kitap.kz цифрлық кітапханасына қосу жөнінде тапсырма берді. Бұл кітапхана оқушыларға электронды және аудио форматтағы 6000-нан астам көркем әдебиет шығармасына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне мектепке жақын аумақтың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету жүктелді.
Айта кету керек, оқушылардың орны тапшылығын қысқарту мақсатында қалада бүгінгі таңда Зерделі шағын ауданында 550 орындық мектеп, әртүрлі аудандарда 5 қосымша құрылыс, сондай-ақ 6 мектептің күрделі жөндеуі мен реконструкциясы жүргізілуде. Бұған қоса, мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 21 нысанның құрылысын жүргізу жалғасуда. Еске салсақ, қаладағы алғашқы «Жайлы мектеп» биыл қыркүйек айында ашылды.