Алматы оқушылары үшін жазғы демалыс қалай ұйымдастырылады

Алматыда биыл жазғы демалыс кезінде 266 мың бала демалады.

Жарияланған күні мен уақыты: «24-05-2024 13: 26»

Мектеп жанындағы лагерьлер 27 мамырда жұмыс істей бастайды. Биыл балалар үшін сауықтыру және жұмыспен қамту сынды екі бағыт бойынша демалыс ұйымдастырылды.

 

Сауықтыру демалысы аясында жетім балаларды, ерекше білім беру қажеттілігі бар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды 100% қамту жоспарлануда. Оқушылар сарайының «Өрнек» лагерінде 3 маусымда 900 бала демала алады. Бұл «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал топтарының балалары, сондай-ақ байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздары.

 

Жұмыспен 263 мың оқушы қамтылады. Осы бағыт аясында облыс пен республика бойынша туристік сапарлар, көшпелі спорттық жиындар, 3 күндік сапарлар, экскурсиялар, пікірсайыс лагерлері, тілдік жазғы мектептер және т.б. ұйымдастырылады.

 

17 колледж базасында алғаш рет 8 сынып оқушыларына арналған «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы жүзеге асады. 200-ден астам оқушыға жазғы демалысты қызықты әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беріледі.

 

№57 және 171 мектептерде этно-лагерьлер жұмыс істейді. Мектеп аумағында киіз үйлер орнатылады. Бағдарлама аясында ұлттық салт-дәстүрлерді, құндылықтар мен мәдениетті, әдет-ғұрыптарды, қолөнер, көрпе тігу, тоқу дағдысы үйретіледі.

 

Сондай-ақ, осы жазда 16 спорт лагері ашылады, онда зияткерлік және шығармашылық ойындар, спорттық-шығармашылық байқаулар, викториналар және т.б. ұйымдастырылады.

 

Сонымен қатар, 3 маусымнан бастап Алатау және Наурызбай аудандарындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталықтарында «Балалар мен кино», «Балалар мен театр», «Stem-лагерь» бірегей жобалары іске асырылады.

 

Жалпы биылғы жылы 150 мектепте ыстық тамақпен қамтамасыз етілген мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді. Бұл лагерьлерде 40 мыңнан астам бала демалады. Ал 96 мың бала тамақтанусыз мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылады.

 

Мектеп жанындағы лагерьге баланы орналастыру мәселесі бойынша мектептің әлеуметтік педагогына қабылдау туралы өтінішпен жүгіну қажет.

 

Бұған қоса, жаз бойы Оқушылар сарайы, Оқушылар үйлері және Инновациялық шығармашылық орталықтары сынды мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер мен секциялар тегін жұмыс істейді. Атап айтсақ, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, домбыра, вокал, фортепиано, хореография, қыш өнері, тоғызқұмалақ, бокс, дзюдо, заманауи бау-бақша, Lego робототехникасы, 3D модельдеу, AR/VR, авиамодельдеу, бағдарламалау. Тегін үйірмелер барлық санаттағы балаларға арналған.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

24 мамыр 2024

Жаңалықтар