«Алматы Жазы» акциясы барысында Алматыдан 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Алматыда «Алматы Жазы» акциясы аясында субұрқақтар, өзен жағалаулары, су айдындары, жол инфрақұрылымы, арық желілері тазартылып, ағаштар санитарлық мақсатта кесілді.

Жарияланған күні мен уақыты: «09-07-2024 13: 33»

26 маусым мен 6 шілде аралығында коммуналдық кәсіпорындар мен мердігерлік ұйымдар шаһардағы барлық 150 субұрқақ тазартылып, ретке келтірілді. Жабдықтарды тексеру және арнайы құралдарды қолдана отырып тостағанды жуу, инженерлік коммуникациялық желілерді оңтайландыру бойынша жұмыс толық орындалды, кабельдер ауыстырылды, сорғылар мен қозғалтқыштар жөнделді, субұрқақтардың гидроизоляциясы тексерілді.

Акция барысында ҚТҚ толықтай жиналып, шығарылды. Жұмысқа 171 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, 21 қоқыс шығарушы ұйым қалдық шығару қызметін ұсынды. «Алматы Жазы» акциясы кезінде қала аумағынан барлығы 15 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

1 454 контейнерлік алаң санитарлық өңдеуден өтіп, 24 747 көше және ауланың қоқыс жәшіктері тазартылды, 105 контейнерді жөнделіп, сырланды.

5 мыңнан астам арнайы техника жол бойы мен тротуарларды, сондай-ақ аула аумағын сыпыруға жұмылдырылған. Нөсер кәріздері тазартылды, 5 567 аула учаскесі сыпырылып, қоқыстан тазартылды.

Тазалық пен тәртіп сақтау мақсатында қала көшелерінде 798-ден астам аялдама кешені, 122 бағдаршам нысаны мен 3 181 жол белгісі жуылды.

Күн сайын мердігер ұйымдар арық желілерінен 250 текше метр қоқыс шығарды. «Алматы Тазалық» МКК-мен бірлесіп, арықты тазартуға 6 мердігер ұйым жұмылдырылды. 54 бірлік арнайы техника мен 700-ден астам жұмысшы күнделікті науқанға атсалысты.

Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Қарғалы, Боралдай, Жарбұлақ, Тіксай өзені және Үлкен Алматы каналының аумағынан қоқыс жиналды. Жалпы ұзындығы 52 км арна тазартылды. 460 адам және 52 арнайы техника күнделікті тазалық жұмыстарына жұмылдырылды.

Алматы қаласы әкімдігінің ерекше бақылауындағы жасыл желек толықтай қалалық келбеттің маңызды бөлігі болып табылады. «Алматы Жазы» акциясы аясында мердігер ұйымдар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін апатты жағдайдағы және қураған 6 мың ағашты санитарлық мақсатта кесті.

Алматы қаласының жасыл желегін күтіп-ұстау және қорғау ережесіне сәйкес, ағаштың пішініне, олардың жасына қарай өзгеретіне, кесуге төзімділік сынды өсімдіктердің түрлік және биологиялық ерекшелігін ескере отырып, барлық норма сақталып санитарлық мақсатта кесіледі. Санитарлық кесуден кейін ағаштың кесілген жері арнайы жасалған құралдармен өңделеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Алматы Жазы» акциясы жалпы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында өтіп жатыр және жаз кезінде қалалық инфрақұрылым мен қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауды қалыптастыруға, халық арасында экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының жалғасы болып табылады.

 

 

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар