Алматыда 9 қыркүйекте «Халық қатысатын бюджет» бойынша өтінім қабылдау басталады

Қалада тұрақты тіркеуі бар кәмелетке толған Алматының кез келген тұрғыны ауданын, көшесін немесе ауласын көріктендіру жөнінде өтінім ұсына алады. Егер бастаманы басқа тұрғындар дауыс беру арқылы қолдаса, онда ол қалалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Жарияланған күні мен уақыты: «10-09-2024 05: 08»

Алматы аудандарының аумағын дамыту және көріктендіру бойынша өтінім қабылдау 9 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Сараптамалық кеңестің бағалауынан өткен және дауыс беруде көш басында болған жобаларды Алматының аудандық әкімдіктері 2025 жылы іске асырады.

Қала тұрғындары ұсынысын budget.open-almaty.kz интернет-порталы арқылы жібере алады. Өтінімде жобалық ұсыныстың атауы мен сипаттамасы, орналасқан жерінің мекенжайы, болжалды фотосуреттерді, схема немесе эскизді, жобалық ұсыныстың сметасы болуға тиіс. Бір өтінім 92,3 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауы керек.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы 8 кезеңнен тұрады: өтінім қабылдау, сараптамалық бағалау, авторлардың жобаларды пысықтауы, пысықталған ұсыныстарды қарау, дауыс беру, дауыс беруді қорытындылау, бюджеттік өтінімді қалыптастыру, жобаларды іске асыру.

 

ХҚБ аясында не ұсынуға болады?

Жобалық ұсыныстар тоғыз санат бойынша қабылданады:

  • көгалдандыру
  • тротуарларды жайластыру
  • тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу
  • жалпы пайдаланым орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру
  • жиектастарды, төсеніштерді, тіреу қабырғаларын жөндеу
  • полигондарды жою
  • балалар ойындары мен ересектердің демалуы үшін, жалпы пайдаланым орындарында күркелерді, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, жабдықтар мен құрылымдарды орнату және жөндеу
  • аула аумақтарында және жалпы пайдаланым орындарында спорт алаңдарын, балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру
  • санитарлық тәртіпті қамтамасыз ету

Іріктеуді өткізу тәртібі және жобаларға қойылатын талаптар:

  • Бір автордан – бір өтінім – бір нысан
  • нысан қолжетімділікті шектемей, жалпы пайдаланымда болуы керек.
  • нысан оны іске асыру жоспарланып отырған аудан аумағында, ортақ пайдаланылатын жерде және әкімдіктің және коммуналдық қызметтердің құзыреті шегінде орналасуға тиіс

Қандай жобалар қабылданбайды?

  • құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізбестен ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) әзірлеуге ғана есептелген
  • фрагменттік (болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап етеді)
  • Алматының даму бағдарламасына және ҚР заңнамасына сәйкес келмейтін
  • коммерциялық сипаттағы және т.б.

Өтінім қабылдау мерзімі аяқталған соң сараптамалық кеңес пен аудан әкімдіктердің өкілдері келіп түскен өтінімдерді олардың санатында көзделген «Халық қатысатын бюджеттің» талаптары мен өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан нобай мен болжамды сметаның болуына қарай бағалайды.

Қаралғаннан кейін әрбір өтінімге мына үш мәртебенің бірі беріледі: «Дауыс беруге жіберілді», «Түзетуге жіберілді» немесе «Қабылданбады».

«Халық қатысатын бюджеттің» барлық ережесіне сәйкес ресімделген өтінім мақұлданады және дауыс беру кезеңіне жіберіледі.

Түзетуге бағытталған ұсыныстың авторы жобасын түзетуге және өтінімді қайта қарауға жіберуге мүмкіндік алады.

Жобаның қазіргі кезеңі/күйі туралы хабарламаны пайдаланушының жеке кабинетінен көруге болады.

Дауыс беруге жіберілген жобалар budget.open-almaty.kz интернет-порталында жарияланады.

«Халық қатысатын бюджет» туралы кеңесті немесе ақпаратты Алматы қаласы аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Open Almaty әкімдігінің Қоғамдық қабылдау бөлмесінен 224 39 29 (ішкі. 203) алуға болады.

Жаңалықтар