Алматыда көріктендіру төлқұжаттары енгізілуде: кім және не үшін жауапты

Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы және жаңа көріктендіру ережесі аясында қалалық нысандарды төлқұжаттау басталды. Бұл шара қала тұрғындары мен қонақтар үшін ыңғайлы, қауіпсіз және экологиялық таза орта қалыптастыруға бағытталған қала стратегиясының бір бөлігі болып табылады.

Төлқұжаттаудың негізгі міндеті – кәсіпкерлерге іргелес аумақтарды көріктендіру бойынша жауапкершілік шегін анықтау. Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, барлығы 5 590 кәсіпкерлік нысанды төлқұжаттау қажет. Қазір мыңға жуық кәсіпкер төлқұжатқа қол қойды. Төлқұжаттау жұмыстары келесі жылдың сәуір айында аяқталады.

Бизнес қандай нәрсеге жауапты?

Әрбір бизнес субъектісі көріктендіру төлқұжатын алуға және іргелес аумақты тиісті жағдайда ұстауға міндетті. Бұл меншік нысанына қарамастан барлық қатысушы үшін жауапкершілік жүктейді.

Аумаққа жауапты субъектілерге жеке және заңды тұлғалар, ПИК, МИБ, ҚС, сондай-ақ ғимараттардың меншік иелері және жерді уақытша немесе тұрақты пайдалану құқығы бар тұлғалар жатады.

Төлқұжат кәсіпкерлердің іргелес аумақтарды және нысандардың қасбетін тиісті жағдайда ұстау мәселесіндегі әлеуметтік жауапкершілікті арттырады.

Ғимараттардың және құрылыстардың иелері қасбеттердің уақтылы жөнделуі мен сырлануына, олардың тиісті күтіп ұстау мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті Сондай-ақ, қасбеттердегі ескерткіш тақталарды, көше көрсеткіштерін (тұйық көшелер мен алаңдарды қосқанда), нөмірлік белгілерді, маңдайшаларды және ақпараттық тақталарды таза әрі жарамды жағдайда ұстауға тиіс.

Тағы бір маңызды нәрсе – қыс кезінде ғимараттар мен құрылыстардың иелері қар мен мұзды шатырдан тазарту жұмыстары басталғанға дейін тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың иелерін 24 сағат бұрын хабардар етуге міндетті.

Сауда ұйымдарынан коммуналдық қалдықты аталған нысандардың меншік иесі немесе ҚР заңнамасына сәйкес, қалдық шығару қызметімен айналысатын ұйыммен жасалған шарт негізінде шығарылады.

Жөндеу жұмыстары кезінде пайда болған қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға сол жұмысты жүргізген тұлғалар өздері шығарады. Жөндеу кезінде шыққан қалдықтарды уақытша қалдық сақтау орындарына немесе контейнер алаңдарына тастауға тыйым салынады.

Егер қалдық өндірген адам өзінің жер телімінде не ғимаратында жалдау немесе басқа келісім негізінде өз бетімен қалдықтарды жинамаса, шығармаса және кәдеге жаратпаса, бұл міндеттер аталған жылжымайтын мүлік нысандарының иелеріне жүктеледі.

Базарлар мен оларға іргелес аумақтарды тазалау және жинау жұмысын ұйымдастыру «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережеге сәйкес тазартылады және жиналады.

Аумақтан тыс жерлерге қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды төгуге және өндіріс қалдықтарын көшеге шығаруға тыйым салынады. Сұйық тұрмыстық қалдықтар арнайы көлігі бар ұйымдармен шарт бойынша шығарылуға тиіс.

 

Төлқұжаттау кезеңдері

Төлқұжаттау үдерісі үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде магистральды көшелердегі, қалалық маңызы бар аймақтарда және жаяу жүргіншілер кеңістігінде мыңнан астам нысан қамтылады. Екінші кезеңде аудандық маңызы бар көшелерге мән беріледі, ал соңғы кезеңде жергілікті маңызы бар көшелер мен аулаішілік аумақтар қамтылады. Бағдарламаны толық аяқтау 2025 жылдың сәуіріне жоспарланған.

Аудан әкімдіктерінің көріктендіру және экология бөлімдері көріктендіру жөніндегі талаптардың орындалуын қадағалайды. Ереже бұзған кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Төлқұжатта субъектінің атауы, мекенжайы, байланыс телефоны, меншік иесінің мәліметтері, ҚТҚ шығару туралы келісім-шарт, қатты жабынның ауданы, көгалдың ауданы, ағаштар мен бұталар саны, шағын сәулет пішіндерінің болуы және бекітілген аумақтың сызбасы көрсетіледі.

Төлқұжатқа аудан әкімдігі мен кәсіпкер бірлесіп қол қояды, бұл рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұрын көзделмеген учаскелерді көріктендіруге қосымша шығындардың туындау қауіпі жоққа шығарылады.

Естеріңізге сала кетейік, жаңа көріктендіру ережелері Алматының әл-ауқатын сақтауға бағытталған және «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының мақсатына сәйкес келеді, бұл қала тұрғындары үшін қауіпсіз әр экологиялық таза орта құруға ықпал етеді.

Жаңа ережеге сәйкес, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар концерттер, фестивальдар және жәрмеңкелерден кейін тазалық жұмыстарын жүргізуге міндетті. Бұл қалада тазалық пен тәртіпті сақтауға септігін тигізеді.

Жарияланған күні мен уақыты: «07-10-2024 04: 21»

Жаңалықтар