Алматыда әл-Фараби даңғылында 300-ге жуық ірі ағаш отырғызылды

Алматыда әл-Фараби даңғылының бөлу жолағы бойына 300-ге жуық жаңа ағаш отырғызылды – қаладағы басты магистральдің бірін 292 ірі шегіршін мен шаған ағашы сәндендірді. Бұл туралы Экология және қоршаған орта басқармасы хабарлады.

Жарияланған күні мен уақыты: «26-03-2025 06: 29»

Ағаштардың биіктігі – кемінде алты метр. Олар жергілікті тәлімбақтарда өсірілген және мегаполистің климаттық жағдайына бейімделген. Мамандардың айтуынша, бұл ағаш түрлері кездейсоқ таңдалмаған: шегіршін мен шаған ауаның ластануына, температураның ауытқуына төзімді әрі ауаны тиімді тазарта алады.

«Бұл ағаштар жол бойында жайлы жасыл аймақ қалыптастырып қана қоймай, көлік қозғалысынан болатын ластану деңгейін төмендетуге көмектеседі. Дұрыс күтім жасалса, тез бейімделіп, қаланың ландшафттық маңызды бөлігіне айналады», – деді «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнәр Ситпаева.

Тұрақты суару, жаз маусымда минералды тыңайтқыштар енгізу және күзгі-қысқы кезеңде мамандардың ұсыныстарына сәйкес арнайы күтім жасау сынды ағаштың тез тамырлануы үшін кешенді күтім шаралары жоспарланған.

Алматыда көгалдандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында белсенді жүргізілуде. Биыл наурыз айында Саин, Рысқұлов, Сәтбаев көшелерінде, Көкжиек шағын ауданында, Гүлдер саябағында және басқа да қоғамдық орындарда 2 000-ға жуық ірі көшет отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда 600-ден астам ағаш егілді.

Жаңалықтар