Алматыда қоғамдық көліктегі қолма-қол есеп айырысуды алып тастау жоспарланып отыр
VIII сайланған Алматы мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы барысында депутаттар қаланың қоғамдық көлігінде жол жүрудің 120 теңгелік жаңа тарифін мақұлдады.
Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жаңа тариф енгізе отырып, жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастаудың жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл шара тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, себебі автобус жүргізушісі ақша жинауға алаңдамай көлік құралын басқарады.
«Шынында да, көптеген адам қала қонақтары мен зейнеткерлер қолма-қол ақша төлеуге мүмкіндігі болмаған кезде қиындыққа тап болуы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ бүгінде жолаушылардың 97%-дан астамы жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлейтінін, оның ішінде зейнеткерлердің 90%-дан астам екенін атап өткім келеді. Зейнеткерлердің қалған бөлігіне қажет болған жағдайда көлік картасын алуға көмек көрсетіледі», - деді басқарма басшысы.
Ол бүгінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың бірнеше әдісі бар екенін атады:
- «Оңай» филиалдарында және клиенттерге қызмет көрсетудің 115 пунктінде сатып алуға болатын көлік картасы арқылы;
- SMS арқылы;
- мобильді қосымша арқылы (шетелдік қонақтарға ыңғайлы болу үшін интерфейсті ағылшын тілінде енгізу пысықталуда)
«Алматы қаласының Көлік холдингімен бірлесіп, біз төлемнің ықтимал нұсқалары туралы ақпараттарды орналастыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Олардың барлығы тұрғындар үшін ыңғайлы және қала қонақтарына түсінікті», - деді қалалық мобилділік басқармасының басшысы.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі