Алматыда жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және «НаркоСтоп» жобасын іске асыру жайы талқыланды

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтің төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру бойынша басқармааралық штаб отырысы өтті.

Жарияланған күні мен уақыты: «04-09-2026 13: 22»

Отырысқа Полиция департаментінің, ҰҚК департаментінің, прокуратураның, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің, әкімдіктің салалық басқармалары мен аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысты.

Отырыста оқушылар мен олардың ата-аналары арасында нашақорлықтың алдын алу мәселесі, сондай-ақ Алматыда «НаркоСтоп» жобасының іске асырылу барысы қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім беру ұйымдарындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ әлеуметтік желілерде есірткі мен алкогольді насихаттауға жүйелі түрде қарсы іс-қимыл жүргізуге ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасындағы профилактикалық жұмысты жандандыру және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жақсарту жөнінде тапсырма берілді.

 

 

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар