«Алматының тарихи жады»: шаһар ескерткіштері мен тұлғалар ізіне бастайтын жаңа маршрут таныстырылды

Алматыда мәдениет пен тарих, туризм мен тағзым тоғысқан тың жоба – «Алматының тарихи жады» көпшілікке жол тартты. Енді қала тұрғындары мен қонақтары үшін Алматы ашық аспан астындағы музейге айналмақ.

Жарияланған күні мен уақыты: «13-05-2025 07: 32»

Бұл бастама аясында әркім танымал жазушылар мен ғалымдар, актерлер мен мемлекет және қоғам қайраткерлері өмір сүріп, еңбек еткен орындарды аралап, олардың ескерткіштері мен мемориалдарын, жерленген жерлерін, тарихи көшелер мен нысандарды оңай таба алады. Туристік маршрутты өз қалауыңыз бойынша құрып, тұлғалар ізімен сыр шертетін сапарға шығуға мүмкіндік бар.

2GIS сервисіне барлық нысан туралы ақпарат үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде енгізілген. Бұл жоба қала қонағына да, жергілікті тұрғынға да тарихи орындарға бағыт алып, танымдық саяхат жасауға кең жол ашады.

Жоба — зиярат мәдениетін тереңінен танып, құрметпен еске алу дәстүрін жаңғыртуға да арналған. Алматының Орталық зираты, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 зираттары алғаш рет сандық форматта ұсынылып отыр. Бұл жерлерде Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Күләш Байсейітова, Ахмет Жұбанов, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Шәкен Айманов сынды қазақ руханиятының алыптары мәңгілік тыныстап жатыр. Мұндай жерге бару арқылы ел тарихына, ұлт рухына, ғылым, мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосқан жандарды еске алып, тағзым етуге болады. 

«Көптеген дамыған елде ашық аспан астындағы музей ұғымы әлдеқашан қалыптасқан. Мысалы, Парижде туристер Пиаф, Бальзак пен Моррисонның қабірлеріне тағзым ету үшін Пер-Лашез зиратына барады. Вена мен Прагада ұлы композиторлардың мәңгілік мекендері мәдени маршруттың ажырамас бөлігі. Лондонда Хайгейт зираты – интеллектуалдық мұраға деген құрметтің символы. Алматы – еліміздің мәдени астанасы. Бұл шаһар – ұлтымыздың рухани тірегі, танымал тұлғалардың мекені. Біз зиялы тұлғалардың еңбектерін насихаттап, қалдырған мұрасын сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізіп қана қоймай, оларға құран бағыштап, зиярат етуге жағдай жасауға тиіспіз. Біз жоба аясында әрбір бейіттің дерегін нақтылап, көпшілікке қолжетімді болуына мән бердік. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Қазіргі таңда Алматының Орталық зиратында – 115, Кеңсай-1-де – 159, ал Кеңсай-2-де – 109 тұлғаның бейіті картаға енгізілді. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлері де бар: Орталық зиратта – 8, Кеңсай-1-де – 16, Кеңсай-2-де – 5 ардагер жерленген. Сондай-ақ қалада 160-қа жуық ескерткіш бар, оның 48-і – көрнекті тұлғаларға арналған.

«Бұл — ұлт руханиятына қосылған салмақты үлес. Қазақта «Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл» деген терең мағыналы сөз бар. Біз осы ұстаныммен барлық деректерді жинақтап, бір картаға біріктіріп, үш тілде ұсындық», – деді жобаның жүзеге асуына атсалысқан белгілі әдебиеттанушы Елдос Тоқтарбай.

Цифрлық картада өзге де тарихи мәні зор нысандар қамтылған. Мәселен, Төлебаев көшесіне жеке бөлім арналды. Бұл көше — әдебиет пен ғылым, мәдениет пен өнер саласында елеулі із қалдырған зиялылар мекені болған.

«Алматы көшелері тарихпен тілдесіп тұрғандай. Әрбір көшесі, бұрышы сыр шертеді. Бұл жоба – жай ғана ақпараттық ресурс емес, бұл – ұлттың өзін-өзі тануына, рухани тамырмен қауышуына жол ашатын құнды бастама», – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.

Аталмыш жобаның жүзеге асуына Мәдениет басқармасының өкілдерімен қатар, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай, жазушы-драматург Әлібек Байбол, журналист, алаштанушы Ұшқын Сәйдірахман, зерттеуші Занғар Кәрімхан және музейлер бірлестігінің қызметкерлері атсалысты.

Жаңалықтар