Алматының Жетісу ауданында көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Алматы қаласының 9 көпбалалы анасы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларының иегері атанды. Олар Жетісу ауданында тұрады.

Жарияланған күні мен уақыты: «02-10-2024 09: 47»

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 6 қыркүйектегі №645 Жарлығына сәйкес екі ана «Алтын алқа» алса, тағы жеті анаға «Күміс алқа» берілді. 

«Біз тәрбиелеп отырған балаларымыз еліміз бен жерімізге қызмет етсе, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әрбір ана балалардың санына ғана емес, олардың тәрбиесінің сапасына да жауап береді, өйткені бұл үлкен жауапкершілік. Қазақстанның болашағы жарқын болсын, балаларымыз денсаулығы мықты болып, еліміз гүлдене берсін!», – деді «Алтын алқа» иегері Аяна Әлішева.

«Күміс алқа» иегері, 6 баланың анасы Гүлзана Халбекова да эмоциясын жасырмады. 

«Мен осы сәтті ұзақ күттім. Өзім көпбалалы отбасында өскенмін, біз анамыздың мейіріміне және әкеміздің қамқорлығына бөленіп өстік. Біздің балаларымыз да бір-біріне қамқорлық пен жақсылық жасайды. Менің ойымша, бейбіт еліміз мен көңілі дархан халқымыздың арқасында балаларымызды бейбітшілік пен келісімде тәрбиелей аламыз. Көпбалалы ана болу бақыт, мен әр отбасыға осындай бақыт тілеймін!», – деді Гүлзана Халбекова.

Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева жоғары награда иегерлерін құттықтап, ұлттың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

Ауданда барлығы 2 940 көпбалалы ана тіркелген. Бүгінде олардың 154-і «Алтын алқа», 305-і «Күміс алқа» медальдарымен марапатталған. Олардың қатарына тағы 9 әйел қосылды. Көпшілігі білім беру, медицина және басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдарда жұмыс істеп, қаланың дамуына зор үлес қосып келеді.

Жаңалықтар