Мемлекет басшысы эколог, ECO Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджановты қабылдады
Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған орта проблемаларын шешу ісіне азаматтарды, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнесті кеңінен тарту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Евгений Мұхамеджановтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ECO Network жобасын оң бағалады. Мемлекет басшысы, ең алдымен, адамның мәдениетін, оның қоршаған ортамен қарым-қатынасын қалыптастыруды, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды бөлек сұрыптау және қайта өңдеуді көздейтін «Экохаб», «Жасыл кеңсе», «Жасыл мектеп» бағыттары экомәдениетті дәріптеудің тиімді тетігі ретінде жаппай таратуға лайық тәжірибе екенін атап өтті.
Евгений Мұхамеджановтың айтуынша, қазірдің өзінде ECO Network жобасына Қазақстан бойынша жүздеген компания мен оқу орындары қосылған. Олар бизнес процестеріне экостандарттарды енгізіп, экономиканы декарбонизациялау үдерісіне елеулі үлес қосып жатыр.
Президент экологтың бастамалары жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының идеологиясымен үндес екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Евгений Мұхамеджановтың «Жасыл Алматы» жобалық кеңсесінің жетекшісі ретінде шаһардың экологиялық мәселелерін шешудің тиімді әрі креативті тәсілдерін жүзеге асыратынына сенім білдірді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі