Shymbulak SKI BUSINESS AWARDS 2026 халықаралық сыйлығына ие болды

Алматы тау кластерінің дамуы қаланың әлемдік туризмдегі орнын нығайтады

Жарияланған күні мен уақыты: «30-10-2026 16: 48»

«Шымбұлақ» тау курорты SKI BUSINESS AWARDS 2026 халықаралық салалық сыйлығының лауреаты атанды.«Velvet Shymbulak Club» клубтық бағдарламасы туристік сервисті дамытуға және қызмет көрсету сапасының жаңа стандарттарын енгізуге қосқан үлесі үшін марапатқа ие болды. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасы хабарлады.

Марапаттау рәсімі 28 қазанда Мәскеу қаласында Туристік аумақтар форумы аясында өтті. «Шымбұлақ» курорты бұл сыйлықтың лауреаты атанып отырғанына бесінші рет. Бұған дейін курорт 2021, 2023, 2024 және 2025 жылдары түрлі номинациялар бойынша марапатталған.

Курорттың халықаралық деңгейде мойындалуы Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары аясында жүзеге асып отыр. Жоба шеңберінде 32 жаңа аспалы жол салу, тау шаңғысы трассаларының ұзындығын 151 шақырымға дейін ұлғайту және курорт инфрақұрылымының өткізу қабілетін тәулігіне 6 мыңнан 30 мың адамға дейін арттыру көзделген.

Қазіргі уақытта жұмыстар «Шымбұлақ» курортында, сондай-ақ Бутаковка мен Кімасар шатқалдарында жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін курорт аумағында екі жаңа аспалы жол салу және шаңғы тебу аймағын кеңейту жоспарланған.

Тау кластерін дамыту жыл бойы демалуға қолайлы жағдай жасауға, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға және тау курорттарының тұрғындар мен туристер үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Туризм басқармасының мәліметінше, инфрақұрылымның кеңеюі келушілер санын арттыруға, туристік қызмет түрлерін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.




Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар