Алатау ауданының комьюнити орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жобаның фронт-офисі ашылды

Алматы қаласының Алатау ауданындағы комьюнити орталығында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының фронт-офисі ашылды. Жоба Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

Жарияланған күні мен уақыты: «25-04-2025 04: 21»

Ашылу рәсіміне ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Превенция басқармасының басшысы Қанат Сәлімбаев, белсенді волонтерлер мен қоғам өкілдері қатысты.

Салтанатты шара барысында Қанат Сәлімбаев жоба аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, оның негізгі бағыттарын нақтылап өтті. Сонымен қатар, волонтерлерге тәжірибелік кеңестер беріп, бастамаларына сәттілік тіледі.

«Бұл фронт-офистер жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға арналған маңызды алаң. Волонтерлер – қоғамдық сананы жаңартатын, өзгеріс әкелетін жаңа буын өкілдері», – деді Қанат Сәлімбаев.

Айта кетейік, жоба іске қосылғаннан бері Алматы қаласындағы  комьюнити орталықтарында, жоғары оқу орындарында 200-ден астам волонтер бірігіп, 10-нан астам семинар, дөңгелек үстел және ақпараттық кездесу өткізген. Аталған шаралар арқылы 1 000-нан астам азамат қамтылды. Волонтерлер қоғаммен тығыз байланыста жұмыс істеп, тек ақпараттық-ағартушылық шаралармен шектелмей, нақты нәтижелерге де қол жеткізуде.

Мәселен, жоба басталғалы бері жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге бағаланған артық бағамен сатып алу әрекеттері анықталып, тиісті органдардың назарына ұсынылды. Бұл – волонтерлердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған нақты үлесінің айқын көрінісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай фронт-офистер алдағы уақытта қаланың барлық ауданында ашылады. Бұл бастама жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әділдік, ашықтық пен сенім атмосферасын қалыптастыруға серпін бермек.

Жаңалықтар