Алматыға туристерді тарту мақсатында Шанхайда 30-дан астам келісімге қол қойылды
Шанхайда 2025 жылы 27-29 мамыр аралығында өтіп жатқан ITB China 2025 халықаралық туристік көрмесіне Алматы қаласы қатысты. Іс-шара ҚХР ең ірі кірмелік туризм платформаларының бірі, жыл сайын 800-ден астам қатысушы мен 10 000-нан астам сала маманының басын қосады.

Алматының көрме стендінде қаланың табиғи сұлулығы мен мәдени нысандары таныстырылды. Көрменің бірінші күні қонақтарды ұлттық киім киген қазақ батырлары қарсы алып, халық аспаптар ансамблі «Адай» күйі мен «Көзімнің қарасы» әні және т.б. шығарма орындады. Келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көруге мүмкіндік берілді.
Көрмеде қаланы 7 отандық туроператор таныстырды. Қазақстандық және шетелдік туроператорлар арасында 100-ден астам B2B кездесу өткізіліп, 30-дан астам туристі қабылдау туралы келісімшарттар мен Алматыны онлайн кеңістікте ілгерілетуге бағытталған цифрлық платформалы меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер іскерлік байланысты нығайтуға және Алматыға туристер легін арттыруға бағытталған халықаралық серіктестікті дамытуға септігін тигізеді.
«Біз Шанхаймен әріптестік қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Бұл Алматы секілді өз өңірінде экономикалық және мәдени байланысты қалыптастыратын маңызды қала. 2025 жылы біздің қалалар бауырлас қала болу туралы келісімге қол қоймақ. Бұл ұзақ жылға жалғасқан ынтымақтастықтың заңды жалғасы. Қарым-қатынасты дамытудың келесі қадамы – Алматы мен Шанхай арасында тікелей әуе рейсінің ашылуы болмақ. 2025 жылы 4 шілдеден бастап China Eastern Airlines компаниясы тұрақты рейстерді ашады. Жалпы, Қазақстандағы Қытай туризм жылы болып жарияланған 2025 жыл бірлескен жобаларды жүзеге асыру, туристік бағыттарды ілгерілету және өңіраралық байланысты нығайту үшін қосымша мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ғазиз Төлебек.
Көрме қонақтары да Алматының туристік әлеуеті туралы ойын айтты.
«Алматы барғым келетін қаланың бірі. Шаһар туралы көптеген жақсы пікір естідім, бұл қала іскерлік, демалыс және экотуризмді ұштастыруға таптырмас орын сияқты көрінеді», – деді көрме қонағы Джон Вэй.
Мұның қажетті бағыт екенін Қытай туристерінің Алматыға деген қызығушылығының тұрақты өсуі де дәлелдейді. 2024 жылы Алматыға 99 мыңнан астам ҚХР азаматтары келіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 50%-ға артқан.