Алматы халықаралық әуежайы жаңа Халықаралық жолаушылар терминалында алғашқы жолаушыларын қарсы алды
2024 жылдың 1 маусымында Алматы халықаралық әуежайы жаңа Халықаралық жолаушылар терминалында алғашқы жолаушыларын қарсы алды.
Жаңа халықаралық терминалға келген алғашқы рейс Air Astana әуекомпаниясының KC664 Лондон-Алматы бағыты бойынша сағат 08.40-та 94 жолаушымен қонды.
Ал 9.30-да жаңа терминалдан алғашқы болып Алматы – Доха бағыты бойынша Air Astana әуекомпаниясының KC653 рейсі 166 жолаушымен ұшып кетті.
Жолаушыларды Алматы халықаралық әуежайының басшылығы, Алматы қаласының әкімдігі және Air Astana әуе компаниясының басшылығы қарсы алды.
«Біздің саяхатымыз 2 жыл бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Халықаралық жолаушылар терминалының құрылысының басталуына орай капсула салуынан басталды. Ал бүгін, 2024 жылдың 1 маусымында, біз уәде еткендей, жаңа терминалда алғашқы рейстерді қарсы алудамыз. Бүгін кесте бойынша жаңа терминалда ұшып келуге 5 және ұшып кетуге 4 рейс жоспарланған. Халықаралық тәжірибеге сәйкес біз барлық халықаралық рейстерді қазіргі терминалдан жаңа терминалға кезең-кезеңімен көшіреміз. Халықаралық рейстерді толығымен ауыстыру маусым айының бірінші онкүндігінде жүзеге асырылады» - деп Алматы халықаралық әуежайының президенті Альп Ер Тунга Ерсой мәлімдеді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әбдіқадыров Әлішер құттықтау сөзінде атап өткендей - «Мен Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын құрылыстың аяқталуымен және халықаралық әуежайдың жаңа терминалының ресми ашылуымен құттықтаймын. Енді қаланың әуе айлағы жылына 14 миллион жолаушыны қабылдай алады, бұрынғыдан екі есе көп. Биылғы жылы біз жолаушылар ағынының 11 млн. адамға дейін ұлғаюын күтудеміз. Алматының 41 тікелей әуе қатынасы мен әлемнің 82 елімен визасыз режимі бар екенін ескере отырып, халықаралық жолаушылар терминалының ашылуы, әуежай тарихындағы жаңа кезеңді белгілейтініне сенімдімін».
Осы атаулы күні Алматы халықаралық әуежайы алғашқы жолаушыларын тәттілермен және естелік сыйлықтармен қарсы алды.
Жаңа халықаралық терминалды іске қосудың бастапқы мерзімі 2024 жылдың жазының соңына жоспарланған болатын, бірақ жолаушылар ағынының қарқынды өсуіне байланысты және жолаушыларға барынша жайлылық пен қолайлылықты қамтамасыз ету мақсатында барлық жұмыс жеделдетіліп, терминал алғашқы рейстерді 1 маусымнан қабылдай бастады.
Барлық халықаралық рейстер толығымен жаңа терминалға ауыстырылғаннан кейін қолданыстағы терминал халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетіндей етіп жаңартылып, ішкі рейстер үшін пайдаланылады.
Алматы әуежайының жаңа Халықаралық жолаушылар терминалына қош келдіңіз!
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі