Алматы әкімі Алмалы ауданындағы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан жобаларды көріп шықты

Алмалы ауданына жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жөндеу жұмыстары жүріп жатқан А.Иманов атындағы скверге барды. Мұнда кеспе тастар төселіп, сыртқы жиһаздар жаңартылып, пергола орнатылыпты. Бұған дейін тұрғындардың өтінішімен балалардың ойын алаңы мен ит серуендеуге арналған аумақ жасалған болатын.

Жарияланған күні мен уақыты: «17-06-2025 11: 07»

Сквер Мүсірепов атындағы театрдың маңында. Мегаполис әкімі оның жай-күйімен танысты, өнер ордасынның айналасын күрделі жаңарту жоспарланып отыр. Сәулетші Нелли Лаптева қала басшысына аумақты болашақта көркейту жобасын ұсынды. Жоба аясында заманауи жарық тартылып, ойын алаңы орнатылады, әткеншегі бар пергола, ыңғайлы демалыс орындарын құру секілді жұмыстар жүргізілмек.

Жобамен танысу кезінде қала басшысы кеңістікті театр тақырыбына сай безендірудің маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытта Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры маңындағы аумақтың көркемделу үлгісі ескерілмек.

Сәулетші бұл тұжырымдамада балаларға арналған ойын элементтері мен интерактивті жарық жүйесі қарастырылғанын атап өтті. Жарық құрылғылар қимыл-қозғалыс кезінде, адам жүргенде автоматты түрде жанады. 

Жұмыс сапарының соңында әкім Гоголь көшесіндегі бір аулаға барды. Мұнда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жаңартылып жатыр. Дархан Сатыбалды тұрғындармен тілдесіп, пікірін тыңдады. Алматылықтар ұсыныстарының ескерілгенін және жұмыстардың сапасына көңілі толатынын жеткізді.

Жаңалықтар